Астанада 1 мамыр мерекесіне орай велошеру өтеді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астанада 1 мамырда Қазақстан халқының бірлігі күніне орай «Достық шеруі» атты велошеру өтеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат Астана қалалық Мәдениет және спорт басқармасына сілтеме жасап.

Спорттық іс-шара Астананың 20 жылдығы мен «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жүзеге асырылады.

Жарыс сағат 13:00-де «Бәйтерек» монументінің алдындағы алаңнан басталады. Қатысушыларды тіркеу сағат 11:00-де өткізіледі. Маршруттың ұзақтығы - 4100 м.

Велошеруге қатысушылар Астананың сол жағалауымен жүріп өтеді. Шараға әлемдік деңгейде ел намысын қорғап жүрген танымал велошабандоздар, белгілі спортшылар, этномәдени бірлестіктердің өкілдері, сондай-ақ 12 жастан асқан елорда тұрғындары мен қонақтары қатысады.

Мұнымен қоса, велошеруге «Астана» Президенттік клубының «Astana Pro Team» кәсіпқой командасының өкілі Дмитрий Груздев те шақырылды. Спортшы Қазақстанның үш дүркін чемпионы, жеке жарыста Азияның екі дүркін чемпионы атанған.

Айта кетейік, алаңда велосипедтерді жалға беру ұйымдастырылады, құны - 500-1000 теңге.

Жарыс алдында концерттік бағдарлама өтеді, қатысушыларға жақсы көңіл-күй сыйлайтын жалпы спорттық жаттығулар жасалады. Велошеру аяқталған соң тіркелген қатысушылар арасында велосипедтер мен басқа да бағалы сыйлықтар ойнатылады.

Қала тұрғындарын белсенді және саламатты өмір салтына баулу, сондай-ақ күнделікті өмірде велосипедпен жүруді дәріптеу мақсатында спорттық бұқаралық шараны Астана қаласының мәдениет және спорт басқармасы ұйымдастырып отыр.

Соңғы жаңалықтар