Астана тұрғыны жалғыз ұлын мүгедек еткен дәрігерді жазалауды сұрады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астана әкімінің орынбасары Ермек Аманшаев білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет және спорт саласы бойынша халық алдында есеп берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Онда қала тұрғыны Арайлым Әлтаева жалғыз ұлын мүгедек еткен елордалық дәрігерді жазалауды сұрады.

"2016 жылы ұлым 9 жасында дәрігердің кесірінен мүгедек болып қалды. Дәрігер өз кінәсін мойындады. Жаза ретінде аурухана басшылығы дәрігерді сыйақыдан айырды. Жай ғана сыйақыдан айырды. Қалайша? Неге дәрігерлерге шара қолданылмайды? "Дәрігерлерді жазалай берсек, адамдарды кім емдейді" деген жауап естимін. Сонда олар балаларды мүгедек ете берсін бе? Басқа дәрігерлерге сабақ болу үшін, арнайы заң шығару керек", - деді Арайлым Әлтаева Астана әкімі орынбасарының есеп беру жиынында.

Астана тұрғынының айтуынша, мүгедек балаға дәрі алуда және мектепке беруде кедергілер көп.

"Менің балам қазір 8 дәрі ішеді. Содан, бүйрегіне сұйықтық жиналып,  дәрігерлер гепатит диагнозын қойып жатыр. Үкіметке рахмет, сегіз дәрінің біреуін - 46 мың теңге тұратын "Топамаксты" тегін беріп жатыр. Бірақ, екі рет сол дәріні әкімдіктің араласуымен алдым. Заң бойынша маған берілуі керек болса, неге барған жерден ала алмаймын? Ұлымды мектепке қабылдату үшін де сіздерді шақырттым. Неге қайта-қайта сіздерге жүгінуім керек?" - деді А. Әлтаева.   

Ашынған ананың сауалына қалалық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Сәуле Нұрашева жауап берді.

"Біріншіден, дәрігердің кінәсін анықтау үшін арнайы комиссия жинау керек. Онда арнайы сараптама жүргізіледі. Комиссия шешімімен дәрігер кінәлі деп табылса, заң жүзінде жазаланады. Дәрі-дәрмекке келсек, 1 қаңтардан бастап, барлық дәрілерді СҚ "Фармация" сатып алады. Сатып алған дәрілердің ақшасын қор төлейді. Дәрілер біздің қоймаға келеді және пациенттерге ыңғайлы болу үшін дәрілерді бір орыннан алатындай еттік. Қазір барлық дәрілерді емханадан ала аласыз, - деп жауап берді С. Нұрашева.

Өз кезегінде Ермек Аманшаев жиыннан кейін мәселенің мән-жайын анықтауды ұсынды.

"Шынын айтқанда, ешбір дәрігер алдына келген адамға жамандық ойламайды. Оны мүгедек етейін демейді. Шамасы келгенше, өзінің білімі мен тәжірибесі жеткенше көмектесуге тырысады. Әрбір жағдайды түгел тексерейік. Жиыннан кейін бізге келіңіз, денсаулық сақтау басқармасымен бірлесіп, егжей-тегжейін анықтайық. Егер дәрігер тарапынан кінә анықталса, әрине жазаланады", - деді Е. Аманшаев.   
null 

Бұған дейін ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов дәрігерлердің қателесуге құқығы бар екенін мәлімдеген болатын. 

Соңғы жаңалықтар