Астана тұрғыны құрылыс компаниясының заңсыз ақша жинағанына арызданды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астана қаласының тұрғыны Әлия Аушатова әлеуметтік желілер арқылы қала әкімі Әсет Исекешевке шағымданды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оның айтуынша, «Ақ-Шаңырақ» тұрғын үйінің құрылысына жауапты компания заңсыз ақша жинап жатыр.

«2012 жылы менің анам «Ақ-Шаңырақ» тұрғын үйінен пәтер сатып алған болатын. Алайда оған тек 2017 жылы ғана кірдік. Үйдің жағдайы нашар. Сыртын керамогранитпен қаптаймыз деп еді, бірақ жай сылай салды. Кореядан жеткізілген лифт қоямыз деді. Ол да жоқ. Могилефлифтмашты қоя салды. Қызмет көрсетуші компания жоқ. Бәрін бір адам істеп жүр. Электрик те, сантехник те, лифтер де сол. Кешке қарай подъездге кіруге қорқамыз», - деп жазды Ә.Аушатова.

Оның сөзіне қарағанда, жақында құрылыс компаниясы әрбір тұрғыннан 50 000 теңгеден жинай бастаған. «Бас кезінде ол ақшаға күл-қоқысты шығарып, жарық пен жылуға жұмсаймыз деді. Артынан тұрғындар күл-қоқысты өздері шығарғаннан кейін Ержан деген құрылыс компаниясының өкілі ол ақша бір реттік алым деп шыға келді. Түбіртек бермейді, бір дәптерге қол қоя салыңдар дейді. Компанияның әрекеті қаншалықты заңды? Не істеуге болады?», - дейді Ә.Аушатова.

ҚазАқпарат тілшісі «Интел-Систем-ТК» ЖШС-нің өкілі Ержан Үдербековке хабарласып, мәселенің мән-жайын білген еді. Оның айтуынша, «Ақ-Шаңырақ» тұрғын үй кешені ресми түрде тапсырылған жоқ. Соған қарамастан, үлескерлерге өз пәтерлеріне кіруге рұқсат берілді. «Былтырдан бері жылу, су мен жарық бар. Ал үй әлі эскплуатацияға берілмегеннен кейін барлық коммуналдық шығындарды фирманың өзі төлеп жатыр. Үйдің астында ортақ есептеуіш құралдары бар. Содан бәрін көруге болады. Адамдар пәтерлерін жөндейді, күл-қоқыс шығарады, жарық пен судың шығындары тағы бар. Біз тұрмай жатқан адамдардан ақша жинап жатқан жоқпыз. Үйге кіргендерден жинап жатырмыз. Қазір олар коммуналдық төлемдерді ресми түрде аударып жатқан  жоқ. Бәрін компания төлеп жатыр. Сол себепті біз бір реттік алымды жинағанды жөн көрдік. Қазір 56 пәтердің 70 пайызы тұрып жатыр. Солардың бәріне фирманың өзі төлеуге мәжбүр», - деді Е.Үдербеков ҚазАқпарат тілшісіне берген сұхбатында.

Соңғы жаңалықтар