Астана тұрғыны көлігін қайда қалдырғанын ұмытып полицияны шақырған

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Аяз қысқан күндері астаналық тұрғын өзінің көлігін қайда қалдырғанын ұмытып, ақыры тәртіп сақшыларын шақырған, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Болған оқиғаға байланысты Астана тұрғыны елорданың полиция басшысына алғыс хат жазыпты.

«22 қаңтар күні сағат 14.00 шамасында Сауран көшесінің №3 үйі маңында жеке автокөлігімді тұраққа қойдым. Көлігімді қалдырған болжамды жерге 2 сағаттан кейін оралып, оны таба алмадым», - деп жазады елорда тұрғыны.

Өзінің автокөлігін іздеп саршұнақ аязда әлгі адам біршама ауланы аралап кетсе керек. -36 градус аязда көлігін таппаған ол айтарлықтай тоңып қалған көрінеді.

Ақыры, астаналық 102 нөміріне хабарласып, болған жайды баяндап береді. Кейін өзі автокөлікті «енді таба алмаймын» деп ойлағанын мойындапты.

«Бірақ, қатты қателесіппін. Бірнеше минуттан кейін-ақ маған хабарласып, тұрған жерімде патруль көлігін күту керектігі айтылды. Сөйлескеннен кейін телефонымды қалтама салып үлгермей, патруль келіп жетті. Ішіндегі тәртіп сақшылары мені отырғызып алып, менен тиісті мәліметтерді алғаннан кейін орталық бейнебақылау пунктіне хабар берді. Өздері аулалаларды аралап іздей бастады. Қуанышыма қарай, арада 5 минут өтер-өтпестен көліктің қайда тұрғаны туралы орталық бейнебақылау пунктінен хабар жетті. Көп уақыт өтпей өз көлігіме қайта жайғастым», - дейді ол.

Ер адам жоғары кәсіби жұмысы үшін орталық бейнебақылау пункті мен патруль қызметкерлеріне алғыс жариялауды сұрап отыр.

Соңғы жаңалықтар