Астана тұрғындары қайтадан тіркеуге тұруы керек

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің енгізілуіне байланысты әрбір азамат жұмысы бар, я болмаса, жұмысы жоқ адам ретінде тіркеуге тұруы тиіс. Осыған орай барлық ақпарат жазылған парақшаларды әкімдік қызметкерлері көпқабатты үйлерге жекелей барып, таратып жүр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

"2017 жылы 1 шілдеден бастап Қазақстан Республикасында міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру бойынша азаматтардың медициналық көмекті алуға деген құқықтарын қамтамасыз ету мақсатында ай сайын жарналар мен аударымдар жасалатын болады. Аталған жарналар мен аударымдардың мөлшері Сіздің әлеуметтік мәртебеңізге байланысты болады: жұмыс берушілер өз жұмысшылары үшін жарналар мен аударымдарды жасайды; өзін-өзі жұмыспен қамтып жүрген азаматтар (оның ішінде кәсіпкерлер де бар) өз табыстарынан немесе ең төменгі еңбекақыдан жарна төлейді; мемлекет әлеуметтік жағынан аз қамтылған азаматтар үшін жарналар аударады", - делінген әкімдіктің xабарландыру парақшаларында.
Онда әлеуметтік жағынан қорғалмаған топтарға кіретін азаматтар да көрсетілген. Олар - балалар, "Алтын алқа" мен "Күміс алқаның" иегерлері, ардагерлер, зейнеткерлер, мүгедектер, күндізгі бөлімде оқитын студенттер, декреттік демалыста жүрген тұлғалар, жұмыспен қамту орталығында жұмыссыз ретінде тіркелгендер, интернатта білім алатындар, уақытша немесе тергеу абақтысында отырғандар, сондай-ақ жазасын түрмеде өтеп жүргендер.

"Егер Сіз өзіңіздің әлеуметтік мәртебеңізді анықтауда қиналсаңыз, онда egov.kz "электронды үкімет" порталында әлеуметтік мәртебеңізді білуіңізге болады", - делінген құлақтандыруда. Астана әкімдігі порталда тиісті ақпаратты таба алмаған азаматтарға жұмыспен қамту орталығына (Бейбітшілік көш., 25, тел. 57-88-86, 57-85-42,57-86-19) xабарласуға кеңес берілуде.

Айта кетейік, бұған дейін ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев та міндетті әлеуметтік медициналық сақтандырудың енгізілуіне байланысты әрбір азаматты ертерек тіркелуге үндеген болатын . Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев болса, xалыққа қызмет орталықтарында қарбалысқа жол бермеуді тапсырды. Себебі 1 шілдеден бастап жұмыс берушілер жұмысшылар үшін жарна төлеуді бастайды. Ал келесі жылдан бастап ондай жарналар жұмысшылардың еңбекақысынан да ұсталады.

Соңғы жаңалықтар