Астана туралы сериал: Министрлік тапсырысты ресейліктерге берудің себебін түсіндірді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Астананың 20 жылдығына арналған сериалды ресейлік «Первый канал» басшысы Константин Эрнстке тапсырудың себебін түсіндірді, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Мәдениет және өнер істері департаментінің директоры Алмаз Нұразханның айтуынша, сериалды бірлесіп түсіруді Константин Эрнсттың өзі ұсынды.

«Ол Астанаға да арнайы келіп кетті. Олар тамаша сценарий жасап шықты. Сосын «ко-продукцияны» шығаруды ұсынып отыр. Ондайда түсіру жұмыстары аяқталғаннан кейін барлық шығындар тең бөлінеді. Жартысын Қазақстан төлейді, жартысын олар өз мойнына алады. Дәл қазір мен соманың нақты көлемін айта алмаймын. Себебі сериалды түсіру жұмыстары аяқталғанша ол сома өзгеруі әбден мүмкін. Қазіргі кезде сценарий дайын. Кастинг жүріп жатыр. Әзірше, барлық шығындарды ресейліктер төлеп жатыр», - деді А.Нұразxан Астанада өткен баспасөз мәслиxатында.

Департамент басшысының сөзіне қарағанда, Астана күні қарсаңында Ресейдің «Первый канал» арнасымен бірлесіп түсірілетін «Маxаббат. Үміт. Астана» ("Любовь.Надежда.Астана") атты сериалдың тұсаукесері өтеді. Режиссер - Константин Эрнст.

«Сериалда Астананың 20 жылдың ішінде қалайша өзгергенін жан-жақты көрсету көзделіп отыр. Аталған туынды «Первый канал» арнасында және Қазақстанның барлық телеарналарында көрсетіледі. Сериалдың аудиториясы 350 миллион адамнан асады деген жоспар бар», - деп атап көрсетті А.Нұразxан.

Соңғы жаңалықтар