«Астана - Технополис» АЭА басшысының міндетін атқарушы тағайындалды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - «Астана - Технополис» арнайы экономикалық аймағы басқарушы компаниясы» АҚ басқарма төрағасы міндетін уақытша атқарушы болып Ардақ Досанов тағайындалды. Бұл туралы Астана қалалық инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасы Фейсбукте мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Астана - Технополис» арнайы экономикалық аймағы (АЭА) басқарушы компаниясы» АҚ директорлар кеңесінің отырысы өтті. Онда басқарма төрағасының уақытша міндетін атқарушы болып Ардақ Досанов тағайындалды. Бұдан бұрын, Астана қалалық әкімдігінің шешімімен, АЭА-ның қызметін қамтамасыз ету және оны ары қарай дамыту мақсатында «Астана - Технополис» АЭА басқарушы компаниясы» АҚ құрылған болатын», - делінген хабарламада.

Басқарушы компаниясының негізгі қызметіне инвестиция тарту, АЭА дамыту мәселелері бойынша мемлекеттік органдармен өзара байланысты ұйымдастыру кіреді.

Ардақ Ермағамбетұлы 1980 жылы туған. Жоғары білімді, 2001 жылы Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетін «қаржы және несие» мамандығы бойынша тәмамдаған.

Корея Республикасы Аджоу халықаралық зерттеулер унивситеті жоғары мектебін «экономика және бизнес» магистрі бойынша грантпен оқып бітірген.

Еңбек жолын 2001 жылы ҚР Мемлекеттік материалдық резервтер агенттігінде жетекші маман, бас маман ретінде бастаған.

2003-2011 жылдары ҚР Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігі, ҚР Көлік және коммуникациялар министрлігі, ҚР Индустрия және сауда министрлігі, ҚР Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінің құрылымдық бөлімдерінде бас маманнан Инвестициялар комитеті төрағасының орынбасары лауазымдарын атқарған.

2011-2013 жылдары «Экспорт және инвестициялар ұлттық агенттігі» АҚ «KAZNEXINVEST» ТМД бойынша өңірлік директоры, кейін басқарушы директоры болып жұмыс істеген.

2013-2014 жылдары ҚР Өңірлік даму министрлігі Өңіраралық ынтымақтастық және экономикалық аудандару департаментінің директоры болған. 2014 жылдың маусым айында Павлодар қаласы әкімінің кеңесшісі ретінде тағайындалып, қала әкімінің орынбасары міндетін атқарды. 2014 жылдың қыркүйегінде Павлодар қаласы әкімінің экономикалық мәселелер жөніндегі орынбасары қызметіне тағайындалды.

Соңғы жаңалықтар