«Астана»-«Спортинг» матчы кезінде елордада жүк көліктері қозғалысына шектеу қойылады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - «Астана» мен португалдық «Спортинг» футбол клубтары арасындағы матч өтетін күні елордада жүк көліктері қозғалысына шектеу қойылады, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА Астана қаласының ІІД сілтеме жасап.

Ведомствоның мәлімдеуінше, Тұран және Қабанбай даңғылдарында 15 ақпан күні сағат 21.00 мен 00.00 аралығында жүк көліктерінің қозғалысына шектеу қойылады.

Сонымен қатар, Тұран және Қабанбай көшелерінің бойына, «Сарыарқа» велотрегі, «Астана-Арена», «Барыс-Арена» және «Алау» спорт кешендеріне тиесілі учаскелерге көлік қоюға тыйым салынатыны хабарланды.

ІІД Әкімшілік полиция басқармасы, Жолаушылар көлігі басқармасы мен «Астана ЛРТ» ЖШС бірлесе отырып жанкүйерлерді «Астана-Арена» стадионына жеткізу және жинау мақсатында төрт арнайы нүкте ұйымдастырады. Олар: «Қазақстан» СК, Астана қаласының циркі, «Жастар» сарайы және «Нұр-Астана» мешітінің автотұрағы.

Жанкүйерлерді үйлеріне жеткізу жұмыстары да осы автобустар арқылы және Қабанбай батыр даңғылындағы бағдарлық автобустармен жүзеге асырылмақ. Қоғамдық көлікке стадионның оңтүстік-шығыс жағынан отыруға болады.

«Стадион маңындағы көшелерде көлік ағынының ұлғаятынына байланысты, матчты тамашалауға келген жүргізушілерге Қабанбай батыр және Тұран даңғылдары бойындағы қозғалыстарын алдын ала жоспарлап алуды ұсынамыз. «Астана-Арена» стадионының көлік тұрағында орын болмаған жағдайда  «Алау» (Қабанбай батыр жағынан), «Барыс Аренаға» (Тұран жағынан) көлік қоюға болады. Сонымен бірге қауіпсіздік мақсатында Тұран көшесінен өтетін уақытша жаяу өткел ұйымдастырылады», - деп хабарлайды ІІД.

Естеріңізге сала кетейік, «Спортинг» клубы «Астананың» Еуропа Лигасының плей-офф кезеңіндегі қарсыласы болып саналады. Командалар 15 ақпанда Қазақстанда, 22 ақпанда Португалия астанасы Лиссабонда кездеседі.

Соңғы жаңалықтар