Астана саммитінде ШЫҰ-ның жаңа тарихы басталады - Нұрсұлтан Назарбаев

None
None
 АСТАНА. ҚазАқпарат - Елордадағы Тәуелсіздік сарайына Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің басшылары ұйым кеңесінің шағын құрамдағы отырысы ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен өтіп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Осында отырған барлықтарыңыздың атынан Президент болып сайланғаннан кейін біздің Мемлекет басшылары кеңесімізге алғаш рет қатысып отырған Шавкат Мирзиеевке айрықша хош келдіңіз демекпін және оған қызметінде және бірлескен жұмысымызда зор табыстар тілеймін. Ағымдағы жылы ШЫҰ-ға 16 жыл толады. Осындай сәтте тарих еске түседі. 5 мемлекет Қытай Халық Республикасымен шекара проблемаларын шешіп, құжатқа қол қойғаннан кейін сол кездегі Қытайдың Төрағасы Цзян Цзэминь мырза екеуіміз «шекараға қол қойылғаннан кейін жырақтап кетпей, экономикалық ынтымақтастық ұйымдастырайық» деп ұсынған едік. Осылайша ШЫҰ дүниеге келді және сол тарихи актіге қол қою рәсіміне қатысқан Рахмон мырза екеуіміз  барлығына куә болып келеміз», - деді отырысты ашқан Мемлекет басшысы.

ҚР Президенті ұйым сол уақыттан бастап халықаралық танымалдыққа ие болып, көпбейінді өзара іс-қимылдың тиімді алаңына айналғанын, өңірдегі қауіпсіздік нығайту, экономикалық ынтымақтастықты тереңдету, мүше елдер арасындағы мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты кеңейту  бойынша үлкен жұмыстар атқарылғанын атап өтті. Салмақты шарттық-құқықтық база қалыптастырылып, мығым институционалдық негіз құрылған, өңірлік және жаһандық мәртебесі күшейе түскендігін айтты.

«Астана саммитінде біздің ұйымымыздың жаңа тарихы басталады деп айтсақ та болады. Бұл жолғы отырыс бұған дейінгідей алтыжақты форматта соңғы рет өткелі отыр. Бүгін біз Үндістан мен Пәкістан Ислам Республикасын ШЫҰ-ға қабылдау процесін аяқтап, мүше мемлекет мәртебесін беру туралы шешімге қол қоюға уағдаластық. Жаңа мүшені қабылдау ұйымның дамуына жаңа тың серпін беріп, оның халықаралық беделінің өсуіне өз септігін тигізеді», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

 Шағын құрамдағы отырысқа ҚХР Төрағасы Си Цзиньпин, Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиеев, Қырғызстан Президенті Алмазбек Атамбаев, Ресей Президенті Владимир Путин, Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон қатысуда.

Соңғы жаңалықтар