Астана процесінің келесі кездесуі қашан өтетіні белгілі болды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР СІМ Астана процесінің жетінші раунды қашан өтетінін жария етті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі ҚР СІМ ресми сайтына сілтеме жасап.

ҚР СІМ хабарламасына сәйкес, ұрыс іс-қимылдарын тоқтату режиміне кепілгер елдердің өзара келісуімен, Астана процесі аясындағы Сирия жөнінде жоғары деңгейдегі жетінші халықаралық кездесу 2017 жылы 30-31 қазанда өтеді.

«Келіссөздер барысында тұтқындарды, қамауда отырғандарды босату, қаза тапқандардың денелерін беру және із-түзсіз жоғалғандарды іздестіру бойынша жұмыс тобының ережесін бекіту жоспарлануда. Сондай-ақ, тараптар халықаралық терроризммен күрес мәселелерін қарастыруға және Сирияда гуманитарлық минадан тазарту жұмыстарын жүргізу туралы бірлескен мәлімдемені қабылдауға ниетті. Өзара қызығушылық тудыратын басқа да мәселелердің талқылануы ықтимал», - делінген хабарламада.

ҚР СІМ ресми сайтынан хабарланғандай, Астанада қыркүйекте өткен келіссөздердің алтыншы раунды тараптардың Сирияда деэскалация аймақтарын құру туралы меморандум ережелерін іске асыруымен аяқталған. Сондай-ақ, кездесуде Астана процесі аясында осыған дейін қабылданған басқа да шешімдердің орындалуы бойынша жұмысты жалғастыру ниеті расталған бірлескен мәлімдемені қабылданған. Сирияда құрылған деэскалация аймақтары аталған қақтығыстың көлемін едәуір төмендетіп Сириядағы гуманитарлық жағдайды жақсартуға мүмкіндік беріп отыр.

Соңғы жаңалықтар