«Астана Операда» неміс классигі Брамстың әуендері шырқалады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - 30 шілдеде «Астана Операның» камералық залында «Брамсты сүйесіз бе?» концерті өтеді. Бұл туралы театрдың баспасөз қызметі хабарлады.

Оған керемет аспапшылар - Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Бағдат Әбілханов (скрипка), халықаралық байқаулардың лауреаты Павел Романенко (альт), халықаралық байқаулардың лауреаты Курванжан Ахатов (виолончель), Ұлан Құлмаметов (фортепиано) қатысады.

«Брамсты сүйесіз бе?» - 1961 жылы танымал француз және америкалық әртістердің қатысуымен мелодрама түсірілген Франсуаза Саганның повесі осылай аталады. Фильмнің негізгі музыкалық желісі Брамстың Үшінші симфониясының бастапқы аккордтары болды. Концертте неміс романтизмінің классигі Иоганнес Брамстың симфониялық емес, камералық-аспаптық әуендері шырқалады. Оны камералық ансамбльдің табиғатын нәзік сезіне білетін, неміс классикалық музыкасының тамаша интерпретатор музыканттары орындайтын болады.

Шақырылған альтист Павел Романенко «Астана Операның» камералық залында бұған дейін де өнер көрсеткен.

«Бұл концерт мен үшін үлкен оқиға. Себебі менімен бірге сахна төріне керемет музыканттар шығады. Олардың әрқайсысы - жарқын шығармашылық тұлға. Ауыз толтырып айтатын шебер музыканттар. Әуенге деген қызығушылықтарымыздан бөлек, бізді ескірмейтін адал достық байланыстыруда. Сондықтан дайындық барысынан ерекше рахат алудамыз! Біз Брамсты бекерден бекер таңдаған жоқпыз. Үлкен көлемді ғажайып камералық музыканы жазған ұлы композитордың әуендері барынша көбірек шырқалуы тиіс. Брамстың шығармашылығын әр қырынан көрсеткіміз келді. Ең алғашқы (№1 фортепиано квартеті) және кейінгі (Альт, виолончель және фортепианоға арналған трио) еңбегін салыстыру арқылы көрерменге Брамстың шығармашылығы жас ерекшелігіне және өмірлік тәжірибесіне қарай қалай өзгергенін көрсетеміз. Бірақ, әр көрермен оның бұлжымас әрі теңдессіз стилін сезіне алады», - деп атап өтті Павел Романенко.

Бағдарламада И.Брамстың Альт пен фортепианоға арналған скерцо, до минор, Альт, виолончель мен фортепианоға арналған трио ля минор, ор.114, Фортепиано, скрипка, альт және виолончельге арналған квартет №1 соль минор, ор.25 туындылары орындалады.

Соңғы жаңалықтар