Ауа райы
Астана 6 °С
Алматы 13 °С
валюта бағамы
USD 335.24
EUR 395.82
RUB 5.82
CNY 50.65

Астана Операда «Күзгі элегия» концерті өтеді

Астана Операда «Күзгі элегия» концерті өтеді
2017 жылғы 24 қыркүйек 08:33 603

АСТАНА. ҚазАқпарат - Маусым аралығында «Астана Опера» театры өз жұмысын жалғастыруда. Күзгі мезгіл элегия музыкалық жанрымен үндес. 24 қыркүйекте Камералық зал сахнасында «Bel Canto музыкалық салоны» топтамасынан «Күзгі элегия» концерті өткізіледі, деп хабарлайды театрдың баспасөз қызметі.

Осы кеште талантты әртістер - Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, баритон Талғат Мұсабаев, жас тенор Нарұл Тойкенов, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, скрипкашы Мақпал Бекмағамбетова, халықаралық байқаулардың лауреаты, виолончелист Асқар Мұқанов тыңдаушылар алдына шығады. Фортепиано партиясын халықаралық байқаулардың лауреаты, жақында өткен Б. Төлегенованың  ІХ халықаралық байқауында үздік концертмейстер ретінде арнайы сыйлық иегері атанған Раушан Бескемпірова орындайды.

Концерт бағдарламасына элегия сипатындағы опералардың қызықты ариялары мен жарқын дуэттері, вокалдық шығармалар, аспаптық және поэтикалық туындылар енген.

«Егер көктем - махаббат кезі болса, күз - ой-толғану шағы. Осы концертте біз көп нәрсе жайлы ойланамыз, өткен жазды еске алып, сәл мұңаямыз, жарқын болашақ жайлы қиялдаймыз. Осындай мұңлы көңіл-күй қалыптастыруға П. Чайковский мен С. Рахманинов сынды композитор-классиктердің туындылары ықпал етеді. Орындалуы қиын, бірақ қабылдауға жеңіл шығармаларды аспапшы музыканттар орындайды. Біз элегия жанрына бекер тоқталған жоқпыз, себебі бұл мөлдір мұңға боялған көңілсіз сипаттағы камералық музыкалық шығарма. Аспаптық пьеса деп атауға болатын элегия ХІХ-ХХ ғасырлар тоғысында Эдвард Грин, Сергей Рахманинов, Василий Калинников және тағы басқалардың шығармашылығынан бастау алды», - деп бөлісті концерт авторы Раушан Бескемпірова.

Евгений Онегин мен Ленскийдің атақты қоштасу дуэтін камералық музыканы орындаудың хас шебері Талғат Мұсабаев пен элегия жанрын нәзік сезіне білетін Нарұл Тойкенов ұсынбақ. Солист атап өткендей, лирикалық шығармамен сахнаға шыққан кезде, автордың баяндауын дұрыс жеткізе білу, кейіпкердің сезіміне еніп, тыңдаушылардың жүректерін тебіренту аса маңызды.

Камералық залда тұңғыш рет «Астана Операның» жетекші солисі Талғат Мұсабаевтың интерпретациясында «Франческо да Римини» операсынан сирек орындалатын Ланчотто ариясы шырқалады. Бұдан өзге, бағдарламаға С. Рахманиновтың «Вокализ», «Шығыс биі», сонымен қатар аспаптық музыка жауһарлары енген. Виолончельге ыңғайланған туындыларды А. Мұқанов орындаса, скрипка мен фортепианоға арналған П. Чайковскийдің оп.42 «Толғану», «Скерцо», «Әуен» пьесаларын Мақпал Бекмағамбетова мен Раушан Бескемпірова ұсынбақ.

 

 

Басты сөздер: Мәдениет, Астана,
Қате таптыңыз ба? Белгілеп, CTRL+ENTER басыңыз

Пікір қалдыру

Соңғы Пiкiрлер