«Астана Опера» ұжымы «Музыкалық отшашуды» ұсынады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - 17 қаңтар күні Камералық залда «Астана Опера» театрының керемет опера солистері мен шебер аспапшылары тыңдаушылар назарына жарқын әрі танымал туындылардан тұратын «Музыкалық отшашу» ұсынады, деп хабарлайды ҚазАқпарат театрдың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Концертке қазақстандық жұлдызды орындаушылар - «Астана Операның» жетекші солистері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Салтанат Ахметова, Айгүл Ниязова, Жан Тапин, опера труппасының дарынды солистері, халықаралық байқаулардың лауреаттары Малика Минизини мен Талғат  Ғалеев қатысады.

Өз өнерін «Ritmos de Amor» аспаптық тобы да ұсынатын болады, ұжым құрамында - халықаралық байқаулардың лауреаттары Кирилл Красюков (скрипка), Константин Стригин (баян), Александр Геер (гитара), Анатолий Якушкин (контрабас), Александр Малиновский (гармоника), Жәнібек Бекмадиев (соқпалы аспап), Елена Сахно, Динара Сартай (фортепиано).

«Жақында ғана көңілді мейрамдар тізбегі өз мәресіне жетті. Мына біз - концерт ұйымдастырушылары мен қатысушылары, қолайсыз күн райына қарамастан, қымбатты тыңдаушыларымыздың қаңтар айы бойы көтеріңкі көңіл күйде болғанын қалаймыз», - деп бөлісті Мәдениет қайраткері Елена Сахно.

Көрермен назарына баршаға сүйікті қазақ, орыс халық әндері, итальяндық, неополитандық әндері, атап айтқанда, «Ақ қурай», «Вдоль по улице метелица», «Под дугой колокольчик», «Эй, ямщик, гони-ка к Яру», М.Панзеридің «Finche la barca va» әні, Н.Листовтың «Я помню вальса звук прелестный», «Дни Турбиных» кинофильмінен В.Баснердің «Белой акации гроздья душистые» романстары және т.б. ұсынылады. Н.Римский-Корсаковтың «Садко» операсынан Үнді қонағының ариясы, Дж.Мейербердің аттас операсынан Динора ариясы сынды опера жауһарлары шырқалады.

Сондай-ақ, осы кеште тыңдармандарға пианиошы Динара Сартай музыкалық әзіл тосынсый әзірлеген. Бұдан бөлек, бағдарламаға ұлы Астор Пьяцолланың жалынды латын америкалық ритмдері - «Escualo» (Акула) шығармасы, П.Дезмондтың «Take Five» (Играем на пять) джаз композициясы, Э.Мурена - Дж.Коломбоның «Равнодушие» вальс-мюзеті және т.б. туындылар енген.

Соңғы жаңалықтар