«Астана Опера» театры барокко дәуірінің опералық жауһарларын ұсынады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - «Астана Операның» жетекші солистері, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері Абзал Мұхитдиновтің жетекшілігімен Камералық оркестр және Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері Ержан Дәуітовтың басқаруындағы хор тыңдаушылар назарына барокко дәуірінің опералық жауһарларын ұсынады, деп хабарлайды ҚазАқпарат театрдың баспасөз қызметіне сілтеме жасап

Кешке танымал вокалистер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Айгүл Ниязова, Жәмиля Жарқымбаева, Бибігүл Жанұзақ, Жан Тапин, халықаралық байқаулардың лауреаттары Татьяна Вицинская, Ержан Саипов, Батыржан Смақов қатысады. Олармен бірге керемет аспапшы музыканттар - халықаралық байқаулардың лауреаттары Әнел Шәкірова, Дамиля Махпирова, Рахматали Бекбабаев (гобой), Әсет Нелдібаев (фагот), Алексей Косырев (флейта) өнер көрсетеді.

Көне музыка жауһарларын ХХІ ғасыр тыңдаушылары айрықша құрметтейді. Барокко дәуірінің жарқын туындылары сән-салтанатымен, драмалық патетикасымен, батырлық шабытымен, нәзік сезімталдығымен, ірі көлемге ұмтылысымен ерекше. Барокко музыкалық үлгілерінің ең бастысы - опера. Шарықтау шегіне оратория жанры жетті. Токката және фуга сынды шығарманың асқан шебер түрлері қалыптасты. Жекелеген аспаптар мен камералық оркестр үшін сонаталар мен сюиталар жазылды, концерт жанры пайда болды.

Осы жанрлардың біразы аталған концерт аясында орындалатын болады. Осылайша, тыңдарман қауымға атақты опера мен ораториялардан ариялар, дуэттер ұсынылады: Клеопатра ариясы, «Юлий Цезарь Мысырда» операсынан Корнелия мен Секста дуэті, «Ксеркс» операсынан Ксеркс ариясы, «Ариодант» операсынан герцог Полинессо ариясы, Г.Ф.Гендельдің «Мессия» ораториясынан тенор ариясы, К.Монтевердидің «Поппеяға тәж кигізу» операсынан Поппея мен Нерон дуэті, И.С.Бахтың Месса си минор шығармасынан альт ариясы және т.б. орындалады. «Астана Опера» Камералық хорының орындауында Ж.Ф.Рамоның «Галантная Индия» туындысы шырқалады.

Сонымен қатар, концерт бағдарламасына аспаптық туындылар - К.Монтевердидің «Орфей» операсынан токката, Г.Перселлдің «Абделазер», А.Вивальдидің скрипкамен оркестрге арналған «Жыл мезгілдері» топтамасынан «Найзағай» және фаготқа арналған концерт (1-бөлім), Г.Ф.Гендельдің «Соломон» ораториясынан, К.В.Глюктың «Орфей мен Эвридика» операсынан аспаптық фрагменттер енді.

Концерт 14 наурыз күні, сағат 19:00-де театрдың Камералық залында өтеді.

Соңғы жаңалықтар