«Астана Опера» сахнасында грек композиторларының шығармалары орындалады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - 18 наурыз күні «Астана Опера» театрының сахнасында Абай атындағы Мемлекеттік опера және балет театры, Қазақ Ұлттық өнер университеті мен Ресейдің Үлкен театрынан келген қонақтар «Қазақ даласында Эгей теңізінің самалы» концертінде өнер көрсетеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Театрдың баспасөз қызметінің хабарлауынша, «Астана Опера» симфониялық оркестріне Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Асқар Бөрібаев дирижерлік етеді. Сонымен қатар көрермен қауымды Ресей Үлкен театрының солисі Марина Минина және дарынды жас скрипкашы Жандос Мұхамедимен керемет кездесу күтуде.

Фортепиано партиясын «Астана Опера» театры опера труппасының бас концертмейстері, «Мәдениет қайраткері» Елена Сахно орындайды.

Бағдарламаға әлемдік камералық-вокалдық музыка жауһарлары енген. Алғаш рет «Астана Опера» сахнасында грек композиторлары Микис Теодоракис, Манос Хадзидакис пен Ставрос Ксархакостың вокалдық туындылары шырқалады.

Халықаралық байқаулардың лауреаты Марина Минина 20 жылдан астам уақыт бойы Ресей Үлкен театрының опера труппасында еңбек етуде. Үлкен театрдың барлық қойылымдары мен әлем бойынша өткен гастрольдеріне табысты қатысқан. 2014 жылдан бастап «Globus Music International» көне музыка ансамблінің солисі болып табылады.

Халықаралық байқаулардың лауреаты Жандос Мұхамеди мен «Астана Опера» Симфониялық оркестрінің орындауында қазақ музыкасының классигі Ахмет Жұбанов пен испан композиторы Пабло Сарасатенің шығармалары көрерменге жол тартады.

«Испан скрипкашысы әрі композиторы П.Сарасате асқақ шебер скрипкалық өнерге арнап тамаша туынды жасады. Скрипкамен оркестрге арналған Интродукция мен Тарантелланы классикалық музыканың жауһары деп атауға болады. Сарасате скрипкамен ән салғанда - тыңдаушылары шаттыққа бөленген; ол испан халық билерінің көркем суреттерін «бейнелеген» - ал тыңдарманның қиялында олар жан біткендей әсерде болған. Қала тұрғындары мен қонақтарына осынау шуақты көктемнің кешінде керемет музыкадан толыққанды ләззат алып, рахаттануына тілектеспін», - деп бөлісті скрипкашы Жандос Мұхамеди.

Еске салар болсақ, маэстро Асқар Бөрібаев ұзақ жылдар бойы Грекияда жұмыс жасаған. Әлемнің көптеген елдерінде концерт берген. «Кончертоне» камералық оркестрінің негізін қалады. Асқар Ысмайылұлының ұстаздық қызметі де табысты жүзеге асты - оның шәкірттері көрнекті музыканттар, мәдениет қайраткерлері атанды. Қазіргі таңда дирижер ретінде белсенді концерттік қызметін атқаруда. Симфониялық оркестрдің орындауында қазақстандық, грек және батыс еуропалық композиторлардың туындылары шырқалады.

Соңғы жаңалықтар