«Астана Опера» Италияда: көрерменің қошеметі кеш бойы үзілмеді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - «Астана Опера» әртістері Италияның белгілі «Карло Феличе» театрында өнер көрсетті. Елордалық әртістердің орындауында «Париж Құдай анасының соборы» балетін тамашалаған көрермен толассыз шапалақ соғып, ықыластарын білдіріп отырды. Бұл туралы ҚР Мәдениет және спорт министрлігінен мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.



Италияға гастрольдік спар «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет» жобасын жүзеге асыру мақсатында ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің бастамасымен өтуде.

Қос театр арасындағы серіктестік 2015 жылы басталды. «Астана Опера» театрының қойылымдары мен әртістердің жеке өнер көрсетулері Генуяда үлкен танымалдылыққа ие. Осындай қажеттілік спектакльдердің жоғары сапасымен түсіндіріледі - ұжым қойылымдарын тек Еуропада ғана емес, сонымен бірге Америкада, Азияда ұсынып жүр. Көрермендерді қойылымдардың жаңа үлгісі мен сценографиясы, костюмдердің керемет көркемдік деңгейі қызықтыруда.

Қазақстандық труппа Италияда кезекті рет өзінің шеберлігі мен әртістік қабілетін көрсетті. «Париж Құдай анасының соборы» спектаклі аты аңызға айналған француз хореографы Ролан Петидің 1965 жылғы түпнұсқа қойылымын қайта жандандырды.



Бірінші күні спектакльге 2 мың көрермен келді, залда ине шаншар жер болмады. Балетқұмарлар қойылымды шаттықпен қабылдап, қошеметі мен жылы сөздерін аямады. Кеш бойы «Браво» деген дауыстар үзілмеді. «Карло Феличе» сахнасында Квазимодо партиясын халықаралық байқаулардың бас жүлде иегері Бақтияр Адамжан орындады. Эсмеральда рөлінде ҚР еңбек сіңірген қайраткері Әйгерім Бекетаева жарқырады. Феб бейнесін халықаралық байқаулардың лауреаты Олжас Тарланов көрсетсе, Клод Фроллоны - Арман Оразов сомдады.



24 қараша күні жергілікті уақыт бойынша сағат 15.30 бен 20.30-да қазақстандық труппа «Астана Опера» театры музыканттарының қатысуымен, «Карло Феличе» симфониялық оркестрінің сүйемелдеуімен М.Жаррдың «Париж Құдай анасының соборы» балетін қайта сахналады.

Ұсқынсыз бүкір адамның партиясын Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Рүстем Сейітбеков орындады. Сұлу Эсмеральда рөлін Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Мәдина Басбаева, Клод Фролло рөлін - Серік Нақысбеков сомдады, ал Фебті Еркін Рахматоллаев ойнады.

Соңғы жаңалықтар