«Астана Опера» елорданың туған күнінде мерекелік концертке шақырады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - «Астана Опера» театры Астана күніне орай мерекелік концерт ұсынады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Туған күніңмен, Астана» аталатын концерт 6 шілде күні өтеді. Көрермен алдында танымал вокалистер, аспапшылар және «Dolce» скрипкашылар ансамблі өнер көрсететін болады.

«Астанамыз күн санап көркеюде, керемет жылдамдықпен өзгеру үстінде. Қаламыздың жүрегінде орын тепкен ең әдемі әрі аса маңызды ғимараттардың бірі - бұл «Астана Опера». Театр әртістері мерекелік көңіл-күй, жағымды әсер әрі бірқатар тосынсыйы бар қызықты концерт әзірледі. Вокалдық-аспаптық музыканың жауһарларына айналған әрі тыңдарманға таныс, сүйікті шығармалар орындалатын болады. Бұл кеш өз бойына түрлі стильдер мен бағыттарды сіңірген. Біз көпшілікке П.И. Чайковскийдің «Күн үстемдік еткенде» шығармасын, көне романстарды, соның ішінде Н.Листовтың «Вальстің тамаша үні есімде» романсын ұсынамыз, М.Төлебаев, Л.Хамиди, Дж.Верди, Дж.Пуччини, Дж.Россинидің туындылары, сонымен қатар қазақ халық әндері мен аспаптық композициялары орындалады. Әрине, Е.Рахмадиевтің «Астана вальсі» ән-арнауы да концерт бағдарламасынан шет қалған жоқ», - деп атап өтті концерттің кураторы Раушан Бескемпірова.

Кеште сахна төріне шығатындар: Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Байғали Момбеков, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Ғалия Байғазинова, Башқұртстанның еңбек сіңірген әртісі Альфия Каримова, Мәдина Исламова, Елена Ганжа, Галина Чеплакова, Гүлжанат Сапақова, Болат Есімханов, Азат Мәлік.  Бұдан басқа концертке «Dolce» скрипкашылар ансамблі мен аспапшы-музыканттар К. Стригин (баян), А. Малиновский (гармоника), К. Красюков (скрипка), Р. Бескемпірова (фортепиано), Е. Сахно (фортепиано), А. Геер (гитара), А. Якушкин (контрабас), Ж. Бекмадиев (соқпалы аспап) қатысады. Танго орындаушылары - балет әртістері Назира Заетова, Елдар Шәкірзянов.

Соңғы жаңалықтар