Астана: «Нұржол» бульварындағы автотұраққа төлем жасау тәсілдері түсіндірілді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астанада «Нұржол» бульварындағы автотұрақ үшін 50 және 100 теңгелік монеталармен төлеуге болады. Бұл туралы Астана әкімінің баспасөз хатшысы Эльвира Жүргенбаева мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«2018 жылдың 15 қаңтарынан «Нұржол» бульварында ақылы тұрақтар іске қосылды. Егер де сол ауданда жұмыс істейтін болсаңыз немесе сол жерге жұмыс бабымен жиі барсаңыз, онда «P» таңбасындағы ақпараттық қалқанға және паркоматтарға назар аударғандарыңыз жөн. Сол аумақта 472 тұрақ орны жасақталып, ақпараттық қалқандар мен 12 паркомат орнатылды.  Төлем жасау жүйесіне тоқталатын болсақ, паркомат арқылы төлемақыны қолма қол ақшамен немесе банк картасымен, SMS арқылы, жеке кабинетпен, «Касса 24» терминалы және Астана автотұрақтары мобильдік қосымшасымен іске асыру мүмкіндігі бар»,- деп жазды Э. Жүргенбаева Фейсбуктегі парақшасында.

Оның сөзіне қарағанда, автотұрақты әрбір 15 минут сайын тіркеу құрылғысы бар арнайы машина шолғындап отырады. Осы орайда тіркелген мәліметтер автоматты түрде басқару орталығына бағытталады.

Таңғы сағат 8-ден кешкі 8-ге дейін тұрақтағы бір сағаттың құны - 100 теңге. Демалыс және мереке күндері автотұраққа көлік қою тегін болады.

Атап айтқанда, паркоматтарды пайдалану ережесі мен төлем жасау тәсілдері туралы толығырақ мәліметтер www.2888.kz сайтында ұсынылған. Сонымен қатар қажетті ақпаратты 8-800-080-28-88 немесе 109 нөмірінен алуға болады.

«Төлемді 50 және 100 теңгелік монеталармен жасауға болады», - деді Э. Жүргенбаева.

Айта кетейік, автотұрақтарды тегін пайдалану қызметтері ҰОС ардагерлеріне, бірінші және екінші топтағы мүмкіндігі шектеулі жандарға, «Алтын Қыран» және «Халық қаһарманы» орденімен марапатталғандарға, көпбалалы аналарға, Семей полигонындағы сынақтардан зардап шеккендерге, сондай-ақ Ауған соғысы ардагерлеріне қолжетімді.

Соңғы жаңалықтар