Астана мен Аджария түрлі салалар бойынша өзара ынтымақтасуға ниетті

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астана қаласының әкімі Әсет Исекешев және Аджария автономиялық республикасы үкіметінің төрағасы Зураб Патарадзе ынтымақтастықтың өзекті мәселелерін және сауда-экономикалық ықпалдастықтың перспективалық бағыттарын талқылады, деп хабарлайды Атана әкімдігінің баспасөз қызметі.

Кездесуде елорда әкімі Астана ынтымақтастыққа және бірлескен жобаларды құру мен экономикалық қатынастарды дамытуға ашық екенін атап көрсетті.

«Біз сіздермен екіжақты туризмді бірлесе дамытып, азық-түлік өнімдерін жеткізу саласында логистиканы жолға қоюға, медицина, инновациялар және спорт индустриясы салаларында ынтымақтастық орнатуға мүдделіміз», - деді Әсет Исекешев.

Әңгіме барысында қала басшысы шетелдік мейманға өзге елдермен бірге Грузия қатысатын ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесі туралы еске салып, Зураб Патарадзені және Аджария автономиялық республикасының өкілдерін шараға келуге шақырды.

Зураб Патарадзе, өз кезегінде Қазақстан мен Грузияның дос мемлекеттер екенін және қос ел арасындағы қатынастар әрқашан жоғары деңгейдегі сенімділікке негізделгенін атап көрсетті.

«Бірінші кезекте, сізге Астанада Грузияның және Аджария автономиялық республикасының мәдени күндеріне арналған ірі шаралар өткізіп жатқандарыңызға алғыс айтамын. Біздің елдердің және дипломатиялық ведомстволардың міндеті біздің халықтарды жақындату, мәдениетін, дәстүрлерін таныстыру. Аджария автономиялық республикасында да Қазақстан Республикасының мәдени күндері өтеді», - деді Зураб Патарадзе.

Соңғы жаңалықтар