«Астана» Қытайдың сегіз мәрте чемпионына жауапсыз 6 гол соқты
Қытайдың Суперлигасында өнер көрсететін «Ляонин Хувин» өз елдерінің сегіз мәрте чемпионы және Азия Чемпиондар Лигасының жеңімпазы болып саналады.
«Астана» клубының құрамында ойнағандар: Эрич, Малый, Постников, Бейсебеков, Зайнутдинов, Кляйнхайслер, Станоевич, Мартузаев, Мұжықов, Перцух, Щеткин.
Ойын бастала салысымен шабуылға шыққан Станимир Стоиловтың командасы тек 33 минутта есеп ашты. Гол авторы - Юрий Перцух. Одан кейін Бақтияр Зайнутдинов, Алексей Щеткин және Роман Муртазаев қатарынан гол соқты. Бірінші тайм 4:0 есебімен аяқталды.
Екінші таймда астаналықтар ойыншылар құрамын өзгертті. Тартысты өткен екінші таймда Джордже Деспотовичпен Марин Томасовтың авторлығымен екі гол соғылды.
«Астана» осы жиында «Спартак» (3:2), «Краснодар» (3:1) көрсеткіштерімен жеңіске жетсе, словениялық «Жилина» клубынан (0:1), Шведтің «Хеккен» командасынан (0:2) есебімен жеңіліп қалды. Енді астаналықтарды 8 ақпанда қытайлық «Шаньдун Лунэн Тайшан» клубымен болатын кездесу күтіп тұр. Бұдан кейін «Астана» елге оралып өз алаңында португалдық «Спортингті» қабылдайды.