«Астана-Көкшетау» тас жолында ірі жол апатынан мерт болғандардың аты-жөндері анықталды

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмола облысында «Астана-Көкшетау» тас жолының бойында орын алған ірі жол апатынан мерт болғандардың аты-жөндері анықталды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі «Қазавтожол» РМК ақылы жол дирекциясының операторына сілтеме жасап.

Еске сала кетейік, 4-ші желтоқсан күні сағат 13:40-тар шамасында Ақмола облысы аумағында «Астана-Көкшетау» күре жолының 245 шақырымында ондаған көліктің соқтығысуымен жол апаты орын алған болатын.

Осының салдарынан төрт адам көз жұмып, бірнеше көлік зақымданған еді.

«Қазавтожол» РМК жергілікті операторының мәліметі бойынша, жол апатына сол күнгі боран мен көктайғақ себеп болған.

«Бурабайдағы «Риксос» қонақүй кешенінен Астанаға бағыт алған, яғни, «BI Group-тың» 49 қызметкері мінген «VAN HOOL» жолаушылар автобусының жүргізушісі  боран мен көктайғақтың салдарынан рөлге ие бола алмай, алдында кетіп бара жатқан «Ниссан цефиро» жеңіл көлігін соққан. Одан әрі автобус алдында тұрған «Ваз 2106» жеңіл көлігін соққан. Осының салдарынан «Ниссан цефиро» көлігінде отырған жолаушылар - 1984 жылғы Алена Бухалюк (Астана тұрғыны), 1994 жылғы Қымбат Сәдуақасова (Зеренді ауданының тұрғыны), 1967 жылғы Айсұлу Кәленова (Астана тұрғыны) және «Ваз 2106» көлігінің жүргізушісі 1966 жылғы Құмарбек Жакентайұлы (Бурабай ауданының тұрғыны) оқиға орнында көз жұмды.

Ал, «Ниссан цефиро» көлігінің 1992 жылғы жүргізушісі мен 3 жастағы жолаушысы Данилды куәгерлер жаншылған көліктің ішінен алып шыққан», деп көрсетілген хабарламада.

Қазіргі кезде, жантүршігерлік оқиғаның анық-қанығы тексеріліп жатыр.

Ақмола облыстық Ішкі істер департаменті баспасөз қызметінің жетекшісі Гүлнәр Пинчук мәлім еткендей, балдырғанды Макинскідегі Аудандық ішкі істер бөліміне белгісіз ер адам жеткізген. Полицейлер оның əкесін анықтап, хабар берді. Белгілі болғандай, ол Астана қаласында тұрады. Баланың анасымен некесін бұзған. Үш жасар Данилдің қазір туыстары табылған.

Соңғы жаңалықтар