Астана КХДР ядролық мәселесі бойынша келіссөздер алаңын ұсынуға дайын

None
None
НЬЮ ЙОРК. ҚазАқпарат - Ядролық қаруды таратпау туралы Келісімнің 50 жылдығы қарсаңында (1968 жылдың 1 маусымында қол қойыла бастаған) Қазақстан жаппай қырып-жою қаруын таратпауға бағытталған бірқатар шараларды ұсынды және КХДР ядролық мәселесі бойынша келіссөздер алаңына айналуға дайын екендерін мәлімдеді, деп жазады UN Insider шолушысы Санто Банерджи.

Қазақстан бұл бастаманы 18 қаңтар күні БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне төрағалық етуі аясында «Жаппай қырып-жоятын қаруды таратпау: шаралар мен сенім» отырысында мәлімдеген еді. Басылым бастаманың дер кезінде көтеріліп отырғанын атап өтті, себебі БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерештің айтуынша,  «әлемдегі ядролық қару қаупінен туындаған алаңдаушылық қырғи-қабақ соғыстан бергі ең жоғары шегіне жеткен».

Қауіпсіздік Кеңесінде Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев сенім шараларының тарих барысында өз тиімділігін ақтағанын мәлімдеді. Бұл шаралар ХХ ғасырдың екінші жартысында адамзат баласы ауқымды соғыс алдында тұрғанда жаппай қырып-жою қаупінің алдын алуға септігін тигізді.

Нұрсұлтан Назарбаев БҰҰ Жарғысында «біздің басты міндетіміз ұрпақты соғыс зардабынан құтқару» деп жазылғанын атап өтті және ядролық қарудан өз еркімен бас тартқан Қазақстанның аталған мақсатқа берік екендігін жеткізді. Бұл шешімді әлемдік қауымдастық лайықты бағалады.

UN Insider шолушысы оқырмандардың назарын Кеңес одағының құрамындағы Қазақстанның 1 410 стратегиялық ядролық оқтұмсық пен саны белгісіз тактикалық ядролық қару көлемінде арсеналы болғанына аударады. Одан бөлек, Семейде КСРО-ның екі ядролық полигонының бірі орналасқан және онда ең кемі 460 ядролық сынақ жүргізілген. Қазақстан Кеңес одағының «ядролық мұрасынан» толығымен бас тартқан.

Отырыста Нұрсұлтан Назарбаев орталықазиялық республиканың халықаралық ынтымақтастықтың жаңа үлгісін құрғанын айтты. МАГАТЭ төмен байытылған уран банкін құру ядролық қаруды таратпау режімін нығайтуға мүмкіндік берді.

Президент Қазақстанның ядролық қарудан бас тартып, өз тәуелсіздігін нығайтқанын, ядролық державалардың шабуыл жасамау туралы кепілін алып, жоғары халықаралық беделге ие болғаны, мұның өзге елдер үшін де тәжірибелік үлгі болатынын баса айтты.  «Солтүстік Корея басшылығын біздің жолмен жүруге шақырамыз», - деді Н.Назарбаев.

КХДР атауымен танымал Солтүстік Корея 2003 жылдың 10 қаңтарында Ядролық қаруды таратпау туралы Келісімнен шығатынын мәлімдеген еді. Содан бері Солтүстік Корея 2006, 2009, 2013 және 2016 жылы екі рет, 2017 жылы 6 ядролық сынақ жүргізді.

Осы орайда Президент бірқатар шараларды ұсынды.

Біріншіден, Ядролық қаруды таратпау туралы Келісімнен шығуды қиындату қажет. Себебі, КХДР әрекеті ядролық амбициясы бар өзге елдерді осы қадамға итермелеуі мүмкін.

«Ядролық қаруды таратпау туралы шартқа күмән келтірмей, Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік Кеңесінің арнайы қарарын әзірлеу мүмкіндігін қарастыруды ұсынамын. Бұл құжат Шартты бұзатын елдер үшін осының нақты салдарын, соның ішінде санкция шаралары мен мәжбүрлеу шараларын айқындайтын болады», - деді Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан 2018 жылдың соңына дейін тұрақты емес мүшесі болатын Қауіпсіздік Кеңесінің 15 мүшесіне.

Тарихта алғаш рет Орталық Азия мемлекеті Қауіпсіздік Кеңесіне мүше болды, оның үстіне халықаралық бейбітшілік пен тұрақтылықты қолдау жауапкершілігін мойнына ала отырып, БҰҰ ең ықпалды органына басшылық етті.

Екінші шара ретінде Қазақстан Президенті жаппай қырып-жоятын қаруды иемденуге және таратуға қатысты қатаң шара қолданудың нақты жұмыс істейтін механизмін әзірлеуді ұсынды. Мұндай көпжақты келісімдерді Назарбаевтың айтуынша, БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің жекелеген қарарларымен бекіту қажет. Сондай-ақ, ядролық державалар ядролық қарудан бас тартқан елдерге сенімді кепіл берулері тиіс.

«Үшіншіден, жаһандық қауіпсіздік жүйесін жаңғырту процесінің сәтті немесе сәтсіз болуы әлемдік қоғамдастықтың милитаристік анахронизмді еңсеру қабілетіне тікелей байланысты. Еш мағынасы жоқ әрі арандатушылық туғызатын әскери блоктарға бөлінуді өткеннің үлесіне қалдыру керек», - деген Нұрсұлтан Назарбаев әлемдік қоғамдастықтың ядролық қарудан азат әлем құруды БҰҰ 100 жылдығы қарсаңына орай іске асыра алатынын жеткізді.

Автор аталған ұсынысты «Әлем. ХХІ ғасыр» атты манифесінде мәлімдегенін еске салды.

Төртіншіден, Қазақстан Президенті халықаралық қарым-қатынасқа саяси сенім мен жүйелі диалогты міндетті түрде қайтару керектігін, Иранның ядролық бағдарламасына қатысты мәміленің ерекше тиімді болғанын баса айтты.

Ол Іс-қимылды толықтай қамтитын бірлескен жоспар қатысушылардың қиындықтарды еңсеретініне үміт білдірді және Президенттің пікірінше, осындай конструктивті тәсілді Солтүстік Кореяға қатысты ядролық проблеманы реттеуде де қолдануға болады.

«Біз сенім ахуалын қалыптастырудың маңызды талабы ретінде «ядролық бестіктің» Корей Халық Демократиялық Республикасының қауіпсіздігіне кепілдік беруін және Пхеньянның келіссөз үстеліне оралуын жақтаймыз», - деп ерекше атап өтті Мемлекет басшысы.

Қажет болған жағдайда, Қазақстан мүдделі тараптар үшін келіссөз алаңын ұсынуға дайын. Бұл орайда Президент Қазақстанның Сириядағы шиеленісті жағдайды шешуде 7 келіссөзді табысты өткізгенін еске салды.

Бесіншіден, Нұрсұлтан Назарбаев Таяу Шығыста ядролық қарудан азат аймақ құру тұжырымдамасын қолдануды ұсынды.

Және алтыншыдан, Қазақстан Президенті халықаралық қоғамдастыққа жаңа әскери және ақпараттық технологиялардың жасалуы мен таралуына бақылауды күшейтуге кеңес берді.

«Сенім шаралары ғарыш кеңістігін милитаризациялаудың алдын алуға қатысты ортақ ұстанымды қалыптастыру барысында да керек болады.

Бұл мәселелер Біріккен Ұлттар Ұйымының арнайы отырысында қаралуға лайық деп ойлаймын», - деді Н.Назарбаев.

Алайда, Қазақстан көшбасшысы барлық бастамалар мен ядролық қаруды таратпау мәселесінің әлемдік ядролық державалар арасындағы өзара түсіністік пен өзара сенімге тікелей байланысты екенін атап көрсетті.

«Әлемдік қоғамдастық - алуан түрлі және көп қырлы сипаты арқылы күшейе түскен біртұтас организм. Ол жер бетіндегі ұлттар мен халықтар арасында теңгерім мен үйлесім болған кезде ғана алға басып, дами алады», - деп мәлімдеген Назарбаев бұл істе Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік Кеңесінің рөлі мен тарихи миссиясына жоғары баға берді.

Қазақстан басшысы ұжымдық іс-қимылдан қуат алған әлемдік қоғамдастықтың сенімі, ерік-жігері мен ақыл-парасаты планетамыздың жаһандық апатқа ұшырауына жол бермейтініне сенім білдірді.

Соңғы жаңалықтар