Астана қаласының соттарында 182 судья төрелік атқарады - Бәрпібаев

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгінде еліміз Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойын атап өтпекші, ал судьялар қауымдастығы VII съезіне дайындалып жатыр.

Осы кезеңдегі мемлекетіміздің даму тарихы мен отандық сот жүйесінің даму тарихын бөліп қарау әрине мүмкін емес.

Сот жүйесінің даму тарихында елордалық соттардың құрылуы мен олардың бірыңғай сот жүйесінде қалыптасуы айтарлықтай орын алады.     

Елбасы Н.Назарбаев 1997 жылғы 20 қазанда Ақмола қаласын Қазақстан Республикасының астанасы етіп жариялау туралы Жарлыққа қол қойды.

1998 жылғы 6 мамырда Н.Назарбаевтың Жарлығымен Ақмола қаласының атауы Астана болып өзгертілді.

Астана қаласының әкімшілік-аумақтық құрылымындағы  өзгерістерге байланысты 1998 жылғы 11 шілдедегі Жарлықпен облыстық сотқа теңестірілген Астана қалалық соты, сондай-ақ Алматы, Сарыарқа аудандық соттары, ал 2009 жылы Есіл аудандық соттары құрылды.

2004 жылғы 9 қыркүйектегі Елбасы Жарлығымен алғашқы құрылған елорда соттары қайта ұйымдастырылып, аудандық соттар қылмыстық және азаматтық соттарға бөлініп, Алматы ауданының №2 аудандық соты, Сарыарқа ауданының №2 аудандық соты құрылды.

2008 жылғы 25 желтоқсандағы Жарлық негізінде 2009 жылы Есіл аудандық соты және Есіл ауданының №2 аудандық соттары құрылып, сот төрелігін атқара бастады.

2002 жылы Астана қаласында мамандандырылған ауданаралық экономикалық және мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соттар құрылды.

2007 жылы кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған сот, ал 2009 жылы  қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соттар өз жұмыстарын бастады.  

Қазіргі уақытта елордамызда Астана қалалық соты және 10 аудандық және оған теңестірілген соттар бар.

Астана қаласының соттарының құрылғанына биыл 18 жыл толып отыр.

Елбасымыздың, Жоғарғы Соттың басшылығының сот жүйесіне аса үлкен мән беруінің нәтижесінде жаңадан құрылған соттарды ғимараттармен, материалдық-техникалық жабдықтармен қамтамасыз ету мәселелері тез арада өз шешімін тауып отырды.

Астана қалалық сотының алғашқы ғимараты бұрынғы Ақмола облыстық сотының Желтоқсан көшесі,43/1 үй мекен-жайындағы ғимаратына орналасты.

Кейін қалалық сот Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты орналасқан Ж. Омаров көшесіндегі 57 мекен-жайындағы ғимаратқа көшті.

2014 жылы шілде айында қалалық сотына Астана қаласы Сауран көшесі 32 үйде орналасқан жаңа ғимарат қолданысқа берілді. Бұл ғимарат барлық заманауи талаптарға сай жабдықталған.

Елбасымыздың «100 қадам» - Ұлт жоспарында көзделген міндеттерді жүзеге асыру барысында елорда соттарының барлық соттары жаңа ақпараттық технологиялармен қамтамасыз етілген. Барлық сот процесстері 100 пайыз дыбыс-бейнетаспаға жазылып өткізіледі.

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары мен қазіргі кездегі соттардың хал-ахуалы айтарлықтар жақсарғанын мақтанышпен айтуға болады.  

18 жыл ішінде Астана қалалық сотында жоғары дәрежедегі кәсіби ұжымның қалыптасқанын ерекше атап өту керек.

1998 жылы Астана қаласының соттарында 37 судья болса, қазіргі уақытта 182 судья сот төрелігін атқарады.

Алғашқы сот құрамы негізінен Ақмола облыстық сотының құрамынан бөлініп шықты. Кейіннен сот корпусы республикамыздың барлық аймақтарының соттарынан кәсіби шеберлігі мол судьялармен толықтырылды.  

Астана қалалық сотында қазіргі кезде 45 судья толық құрамда сот төрелігін атқарады.

Жоғарғы Сотта абыроймен қызмет атқарып отырған судьялардың бірқатары Астана қалалық сотында кәсіби шеберлігін шыңдап, тәжірибе жинақтағанын үлкен мақтанышпен айта аламын.    

Соңғы 3 жылдың ішінде ғана Астана қалалық сотынан 10 судья Қазақстан Республикасының Жоғарғы Сотына судья болып тағайындалды.  Олар А.Сарсенбаев, А.Сапарова, М.Жангутдинов, С.Жармухамбетова, Р.Жакулина, Ж.Ермағамбетова, Е.Максюта, Е.Рахымбеков, Н.Султанов, Г.Мергенова.

Бұл көрсеткіш - Астана қаласында жоғары білікті, кәсіби шебер, өмірлік тәжірибесі мол, әділдік пен шындықты ту еткен судьялардан құралған сот корпусының жасақталғанының айғағы.  

«100 қадам» Ұлт жоспары негізінде республикамыздың сот жүйесінде жүргізілген реформаларға сәйкес Астана қаласының сот жүйесінде де тың өзгерістер орын алды.

2013 жылдың 20 қарашасында Астана қаласында өткен VІ съезде Президент сот қауымдастығының алдына 5 міндет қойды: заң нормаларын жүйелі түрде жетілдіру үшін Үкіметке Жоғарғы Сотпен Азаматтық процестік кодекстің жаңа жобасын жасау тапсырылды; соттың құрылымын жетілдіру; даулар мен келіспеушіліктерді шешудің баламалы жолдарын енгізу; азаматтардың кең көлемде сотқа қолжетімділігін қамтамасыз ету; судьялар корпусының кәсібилігін арттыру.

Аталған міндеттер қазіргі күнде толығымен қарқынды жүзеге асырылып, алдағы болатын VІІ съезі судьялар корпусы үлкен жетістіктермен қарсы алмақшы.

Атап өтсек, 2015 жылдың 1 қаңтарынан бастап жаңа Қылмыстық, Қылмыстық процестік және Қылмыстық-атқару кодекстері күшіне енгізілді.

2015 жылдың 15 қазанында Президент жариялы түрде Азаматтық процестік кодекстің жаңа редакциясына қол қойды және бұл кодекс 2016 жылдың 1 қаңтарынан қолданысқа енді.

Аталған жаңа заңнамалардың нормаларына сәйкес сот құрылымы 5 сатылы соттан 3 буынды сот жүйесіне ауыстырылды, сөйтіп сот өндірісі халықаралық стандартқа көшіп, соттың шешімдері күшіне тез арада еніп, сот үрдісін жасанды созбалаңға салудан босатты.

Республика бойынша тек қана Астана қалалық сотында ірі инвесторлардың қатысуымен болатын даулар бірінші сатыдағы соттың тәртібімен қаралады. Ағымдағы жылдың 9 айында осындай 12 іс бойынша шешім шығарылып, күшіне енді.        

 VІ съезде қойылған міндеттердің жүзеге асырылғанының тағы бір көрінісі - барлық сот үрдістерінің бейнедыбыстүсіріліммен жүргізілетіні.

Барлық соттар «Төрелік», «Сот кабинеті» жүйелерімен жабдықталып, деректер базасы орталықтандырылды.

Айтылғандардың барлығы Елбасының көреген саясатының және Жоғарғы Соттың басшылығының сот құрылымы мен сот өндірісін жаңғырту бағытында жүргізген жоспарлы жұмыстарының нәтижесі.

Бүгінгі күнде елордалық Астана қалалық соты - тәуелсіз еліміздің әділ де мықты сот жүйесінде айрықша орны бар, азаматтар мен заңды тұлғалардың құқықтары мен мүдделерін конституциямызға сай қорғай алатын, қабілеттілігі жоғары сотқа айналды.

Осындай жетістіктермен Қазақстан Республикасының тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойы мен еліміздің судьяларының VІІ съезін өткізбек болып отырмыз.  

 

Астана қалалық сотының төрағасы Т. Бәрпібаев 

Соңғы жаңалықтар