Астана ХҚО криптоактивті дамыту бойынша EXANTE-мен ынтымақтаспақ

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - «Астана» халықаралық қаржы орталығы мен EXANTE халықаралық инвестициялық компаниясы Қазақстандағы криптоактивтер нарығын дамытуға және АХҚО-ны технологиялардың халықаралық сараптама орталығы ретінде алға жылжыту бойынша ынтымақтасатын болады. Бүгін осы мақсатта тараптар меморандумға қол қойды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Орталықтың баспасөз қызметінен хабарлағанындай, табысты блокчейн-жобаларға ие EXANTE компаниясы криптоактивтер нарығын реттеу мәселелері, финтех-экожүйесін дамытуға қолдау көрсету үшін АХҚО-ның актілерін дайындауға белсене қатысуға ниет білдірген.

Тараптар қаржы реттеуіштерінің финтех-компанияларын дамыту үшін қолайлы жағдайларды жасауда белсенді жұмыс істейтінін де айтты. Бұндай байланыстардың арқасында «Астана» халықаралық қаржы орталығы ғаламдық инновациялық қаржы хабтарының біріне айналуға ұмтылады.

Блокчейн технологияларына бірқататар елдердің үкіметтері жіті назар аударып отыр. Қазақстан өз кезегінде осы саладағы жаһандық көшбасшы болу жолында нақты қадамдар жасайтын болады. Цифрлық активтер нарығының дамуы жөніндегі оптимистік болжамымен EXANTE Басқарушы серіктесі Григорий Клумов бөліскен болатын. 

«Блокчейн технология өзінің бірнеше артықшылығымен белгілі. Олар: ашықтық, берілген ақпараттардың өзгермеуі, жылдам транзакциялар және оларды өңдеудің қымбат еместігі. Нарықтың тез дамуына тек осы артықшылықтардың өзі жеткілікті. Ғаламдық ақша массасының көрсеткіші (М2) жыл сайын 6% артып, қазірдің өзінде 50 трлн долларды құрап отыр (Қытайды айтпағанда). Біздің есептеуіміз бойынша, цифрлық активтер нарығы әр екі жыл сайын арту әлеуетіне ие. Біздің негізгі мақсатымыз - орталықтандырылмаған қаржы жүйесі мен қоғамның арасын байланыстыратын тетікке айналу»,-деді Г. Клумов.

Соңғы жаңалықтар