«Астана» халықаралық қаржы орталығының болашағы зор - Қайрат Келімбетов

None
None
БЕЙЖІҢ. ҚазАқпарат - Шілде айының басында Қазақстан астанасының 20 жылдығын мерекелеу кезінде Astana Finance Days өтеді. Оның аясында «Астана» халықаралық қаржы орталығы (АХҚО) ресми түрде ашылады. АХҚО басқарушысы Қайрат Келімбетов Қазақстанда құрылған қаржы алаңының екі жылдық дайындық жұмыстарының қорытындысы, болашаққа жоспарлар мен мақсатты көрсеткіштері туралы ҚазАқпаратқа берген сұхбатында айтты.

- Қайрат Нематұлы, АХҚО-ның ашылуға дайындығы қалай?

- Шілде айында АХҚО-ның ресми таныстырылымы өтеді. Бірақ, біз Конституциялық заңнамаға сәйкес, 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап жұмыс істеп жатырмыз. Екі жыл бойы дайындық жұмыстарын жүргіздік. Ағылшын жалпы ережесі аясында 47 нормативтік құқықтық актілер қабылданды. Бұл Лондон, Дубай, Сингапур, Гонконг сияқты халықаралық қаржы орталықтарының үздік тәжірибесін бейнелетін заңдар саналады. Бұдан бөлек, арнайы институттар құрылды. Барлық қаржы институттары үшін реттегіш болып табылатын агенттік, сондай-ақ америкалық Nasdaq компаниясы және Шанхай қор биржасымен бірлесіп биржа құрылды. Таяуда Шанхайда «Самұрық-Қазына» қорының құрамына кіретін компанияның таныстырылымы өтті. Бұл Қытай қаржы институттары, инвестициялық компаниялар тарапынан үлкен қызығушылық тудырды.

Мемлекет басшысы 2015 жылы инвесторларға түсінікті ағылшын жалпы ережелері ұстанымдары жұмыс істейтін арнайы қаржы аймағын - АХҚО құруға бастамашылық еткен болатын. Боао Азия форумында, Шанхайдағы «Самұрық-Қазына» инвесторлар күнінде және Бейжіңдегі қытайлық серіктестермен кездесу кезінде ҚХР іскер топтары тарапынан Қазақастанда жобаларды жүзеге асыруға, жекешелендіру процестері мен жалпы, біздің елмен ынтымақтастыққа үлкен қызығушылық білдірілді.

- Не үшін Қытай тарапы бізге, соның ішінде жекешелендіру процестері мен АХҚО қызметіне мұндай қызығушылық танытып жатыр?

- Қазақстан үшін жаңа жұмыс орындары ашылатын, өндірісте жаңашылдық болатын, кәсіпорындар өздерінің корпоративтік басқаруын жақсартатын инвестицияларды тарту өте маңызды. Әлемнің екінші экономикалық державасына айналған Қытай үшін «Бір белдеу, бір жол» бағдарламасын жүзеге асыру, қатты (автомобильдік, теміржол және т.б.) да, жұмсақ та (ұйымдастырушылық, заңнамалық және басқа да нормалар, цифрландыру, қаржы институттары) инфрақұрылымдарды құру арқылы басқа елдермен өзара байланыстылықты дамыту маңызды болып табылады. Орталық Азия елдері үшін «Бір белдеу, бір жол» - Ұлы Жібек жолының рөлін қайта қалпына келтіру маңызды, сондықтан біздің Қытаймен осы тараптардағы қызығушылығымыз сәйкес келеді. Біз Азиядан, соның ішінде Қытайдан қаржы институттарының келуін қолдаймыз және әлемнің үздік тәжірибесіне сәйкес келетін барлық жағдайды жасағымыз келеді. Қытай инвестиция үшін әлем бойынша күрес жүріп жатыр. Еуропа, Латын Америка елдері инвестицияларды өздеріне тарту үшін бәсекелесуде.

Қазақстан Еуропа нарықтары мен Қытайдың батыс өңірлері арасындағы құрлық көпірі тұрғысынан бірінші ел болып табылады. Өздеріңізге мәлім, Мемлекет басшысының тапсырмасымен «Қорғас» пен Түрікменстан шекарасын байланыстыратын теміржолдар, Ақтау портынан Әзербайжан арқылы Грузияға, Түркия мен Шығыс Еуропаға жол салынды, ал Ресей аумағы арқылы біз Батыс Еуропа портына бара аламыз. Біздің транспорттық биліктің бағалауы бойынша, бұл арқылы Қазақстан қосымша 5 млрд доллар қаржы таба алады (ҚР аумағы арқылы 2 млн контейнер өтеді). Бұл да өз өндірісімізді дамытуға және еліміздің аумағында қосымша құн қосуға мүмкіндік береді. Қытай үшін бұл - әрі қарай жылжу, олар Батыс және Шығыс Еуропа елдерінде қазірдің өзінде үлкен порт пен инфрақұрылымдық қуаттар сатып алуда. Сондықтан, Қазақстан осындай ауқымды және интенсивті бағдарламаға қатысу керек.

- Жекешелендіру процесі және оған деген Қытай тарапының үлкен қызығушылығы Қазақстанның ұлттық қауіпсіздігіне қандай да бір кесірін тигізбей ме? Осы мәселеге байланысты белгілі бір шектеулер мен таразы басын теңестіретін жүйелер қарастырылған ба?

- Бұл бір жағынан өте нәзік те күрделі, сонымен қатар айтарлықтай қарапайым сұрақ. Біздің компанияларымыз Қазақстан аумағында жұмыс істейді. Бұл физикалық тұрғыдан өз жерімізге тұрғызылған инфрақұрылымдар болғандықтан, оны келіп біреу шетелге сүйреп кете алмайды. Одан басқа, әрине, ұлттық қауіпсіздік пен соған қатысты қолданатын шаралар бар, мысалы акцияның бақылау пакеті мемлекетте қалады. Осы ретте біздің мемлекет терең ойластырылған саясат ұстанып отыр деп ойлаймын, қорқатын ештеңе жоқ. Естеріңізде болса халықтық IPO бағдарламасында 5-7 пайыз туралы айтылған болатын, қазір бастапқы жекешелендіру 20-25 пайыздың айналасында. Осыған байланысты әлемдік тәжрибелерге көз салатын болсақ, ешкім қобалжып отырған жоқ, келген қаржы ел экономикасының дамуына үлес қосады. Біз сыртқы әлемнен бөлініп есік-тереземізді қымтап отыра алмаймыз. Жаһандық экономикамен біте-қайнасып, одан өзімізге қажет басымдылықтарды алуымыз керек.

Тағы бір нәрсені айта кетейін, қазір бүкіл әлем Қытай инвестициясы үшін күресіп жатыр, ал біз оның іргелес көршісіміз. Бұл инвестиция біздің экономикамызды көтеру үшін қажет. Қазақстан басшылығының ұстанып отырған саясаты елімізге ағылатын инвестиция үшін жақсы жағдай тудырып отыр.

- Келешекте АХҚО-дағы Қытай рөлі қаншалықты болмақ?

- Біріншіден, АХҚО биржасының 25 пайызы Шанхай қор биржасына тиесілі, оның акционері де америкалық Nasdaq. АХҚО - қазіргі күндері АҚШ пен Қытай компаниялары биржаны бірлесе дамытып отырған жалғыз қаржылық алаңқай болуы керек. Шанхай біздің сенімді серіктесіміз, келешекте бұл қала әлемдік қаржы орталығына арналады, сондықтан ол биржамен байланыста болу біз үшін өте маңызды. Сонымен бірге Қытайдың ең үздік бестігіне кіретін ірі банктері де АХҚО қызметіне қызығушылық білдіріп отыр.

Сонымен бірге CITIC Securities, Haitong, Shenwan Hongyuan Securities сияқты брокерлік компаниялар тарапынан да ұсыныстар көп. Бұл компаниялар миллиардтаған доллар қаржыны басқарып отыр, олар Қазақстандағы жекешелендіру және қор биржаларын дамыту бағдарламаларына қатысқылары келеді.

«Бір белдеу, бір жол» бағдарламасының да елімізге берері мол. Наурыздағы Орталық Азия басшыларының кездесуінде Елбасы АХҚО аясындағы халықаралық қаржы хабының қызметін ұсынды. Барлық елді қай кезде болсын сауда мен бизнес біріктіреді. Ұлттық қауіпсіздік тұрғысынан алып қарайтын болсақ бізге көршілерімізбен тату болғанымыз маңызды. АХҚО дәл осы жерде Азия мен Еуропа сауда алаңдарын біріктіретін аймақтық хаб бола алады. Ағымдағы жылдың 8-11 сәуірінде Боаодаға Азия халықаралық форумында ҚХР басшысы Си Цзиньпин Қытай сыртқы әлем үшін ашыла түсетінін айтқан болатын. Бұл біздің барлық кәсіпкерлер үшін маңызды сигнал, бүкіл әлемді өзіне тартқан Қытай нарығына шығудың үлкен мүмкіндігі деп айтуға болады.

- Әрбір беделді биржаның өз индексі бар. АХҚО биржасында индекс бола ма?

- Біз бұл мәселе бойынша жұмыс істеп жатырмыз. Өз индексімізді жасау үшін бізді мойындауы тиіс. Алдағы 2-3 жылда осы мақсатқа қол жеткіземіз деп ойлаймын.

- АХҚО ашылу салтанаты қалай өткізіледі?

- Біз 2 мыңға жуық қонақ шақырдық. Бұл 3-5 шілде күндері өтетін үлкен инвестициялық саммит болады. Біз оны «Astana Finance Days» деп атаймыз.

4 шілдеде елімізде екінші рет Дүниежүзілік ислам экономикалық форумы өтеді. Біз оны Малайзиямен бірлесіп ұйымдастырудамыз. Дәл сол күні «Бір белдеу, бір жол» форумы болады. Біз оған осы жолғы сапарымызда Қытайдың жетекші қаржы институттарының басшыларын шақырдық.

5 шілдеде Астананың 20 жылдығына арналған АХҚО ресми халықаралық таныстырылымы өтеді.

- Сұхбатыңызға рақмет! 

Соңғы жаңалықтар