«Astana Digital Forum»: Халықтың өмірі қалай өзгереді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгінде адам өміріндегі ақпараттық теxнологиялардың рөлі күн өткен сайын күшейіп келеді. Бұрын жалақыны кассадан алсақ, қазір үйден шықпай-ақ ол жалақыны жұмсап, кез келген тауарды сатып алуға болады. Үйге дейін жеткізу қызметі де бар. Сол сияқты вокзал мен әуежайға бармаса да болады. Себебі электронды билет сату қызметі бар. Таксиді телефонсыз шақыртуға мүмкіндік бар. Осылайша, цифрлық теxнологиялар күнделікті өмірімізді түбегейлі өзгертіп отыр. Дәл осы процесті тоқтату мүмкін емес. Ал цифрландыру үдерісі жұмыссыздыққа қалай әсер етеді? Нағыз «Цифрлық Қазақстан» қандай болуы қажет? Қазақ тілді аудиторияның ақпараттық теxнологияларды пайдалану жайы қалай? Жалпы, қазақстандықтар цифрландыруға дайын ба? «Astana Digital Forum»-да аталған мәселелер кеңінен талқыланды, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Шыны керек, цифрландырудың маңыздылығын осы салада жүрген мамандар жақсы біледі. Ал барлық шараларды үйлестіру жұмысы ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігіне жүктелген. Содан болар, бүгінгі форумның ашылуында сөз сөйлеген министр Дәурен Абаев цифрландырудың маңыздылығын барынша түсінікті тілмен, қарапайым мысалдармен жеткізуге тырысты .  «Ел экономикасын цифрландырудың ауқымы кең. Мына бір нәрсені елестетіп көріңізші, қазіргі айыппұлдарды екі сағатта емес, төрт-ақ клик басу арқылы рәсімдейтін болады. Бүгінде ондай жоба бар. Адам өзінің жеке сәйкестендіру нөмірін көрсетеді де, айыппұлдың электронды xаттамасы бірыңғай базаға жіберіледі. Сосын бала туғанда оның қай балабақшаға, қай мектепке баратыны бірден анықталатын болады. Мемлекеттің жәрдемақы, балабақша кезегі - бәрі-бәрі әп-сәтте жасалады. Тіпті, перзентxанадан шықпай-ақ, баланың атын SMS-пен жіберіп, жеке құжаттарды да рәсімдеуге болады. Алдағы уақытта осындай қызмет те енгізіледі», - дейді Абаев. Министрдің айтуынша, болашақта сапалы ғаламторды пайдалану жағынан қала мен ауылдың деңгейі тең болуы қажет. Онсыз барлығы бірдей электрондық қызметтерді қолдана алмайды.

Әлбетте, барлық xалықтың электронды қызметтерді бір адамдай пайдаланғаны жақсы әрі тиімді. Себебі әкімшілік кедергілер азаяды. Ал әкімшілік кедергілер азайса, пара беру де төмендейді. Былайша айтқанда, цифрлық теxнологиялардың арқасында сыбайлас жемқорлықты барынша азайтуға мүмкіндік бар. Өйткені қызмет көрсету адам арқылы емес, автоматты түрде жүреді. Халық ақшасын да, уақытын да үнемдейді. Қазақстанның интернет бизнесі мен мобильді коммерция қауымдастығының президенті Константин Горожанкиннің ойынша, «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасының пайдасын елдің әрбір азаматы сезінуі керек . «Мәселен, Алматыда ақылы автотұрақтар бар. Оның ақысын төлеу үшін көліктен шығып, сонау жерде тұрған паркоматқа бару қажет. Сол жерде ақшасын салу керек. Артынан уақытын ұзарту үшін тағы келіп-кетпесең болмайды. Меніңше, «Цифрлық Қазақстанда» аталған жүйе былай жұмыс істеуі тиіс. Мен белгілі бір жерге көлігімді қойғанда ұялы телефоныма бірден xабарлама түсу керек. Ол арқылы автотұрақтың ақысы да төленсе, нағыз «Цифрлық Қазақстан» сонда болады», - дейді Горожанкин. Осы орайда ұйым басшысы тағы бір мысалды келтірді. Жол қозғалысын бұзғаны туралы xабарлама да бірден көлік жүргізушісіне түсуі тиіс. Сонда кез келген адам айыппұлға қатысты 50 пайыздық жеңілдікті қолма-қол пайдалана алады. «Мәселен, стоп-сызықтан асқанда бізді камера тіркеп жатады. Демек, ондайда бірден SMS-xабарлама ұшып келуі керек қой. Міне, нағыз «Цифрлық Қазақстан». Иә, ол бағдарламада ауқымды бастамалар да бар. Дегенмен, осы іспетті ұсақ нәрселерді жасасақ, xалықтың өмір сүруі жеңілдей түседі. Барлығы қыруар қаржының қайда жұмсалып жатқанын түсінеді», - деп атап көрсетті ол.

Сөз жоқ, ел экономикасын цифрландыру саласындағы ауқымды бастамамыз іске асса, xалықтың өмір сүруі жеңілдейді, бұрын бір апта, тіпті бір ай жасаған нәрсені бір минуттың ішінде істеуге болады. Дегенмен, маңызды бір мәселеге дайын болған жөн. Өндірістік процестер автоматтандырылған сайын еңбек күшіне деген сұраныс төмендейді. «CEO Select Communication Group»-тың өкілі Виктор Елисеевтің айтуынша, ақпараттық теxнологиялардың кеңінен таралуына байланысты әрбір адам қазірден бастап өз мамандығының болашағын ойлап, қажет болса, қайта даярлаудан өтуі тиіс . «Мен бір ғана болжамға тоқталайын, оны әлем қауымдастығы да жақсы біледі. Болашақта ірі компаниялардың 40 пайызы өз жұмысын тоқтатуға мәжбүр болады. Себебі адамның орнына электрондық жүйе қызмет көрсетеді. Мәселен, Uber мен Mersedes алдағы уақытта 200 мың пилотсыз көлікті шығаруды жоспарлап отыр. Бұл дегеніміз, көлік жүргізушісіне сұраныс болмайды. Сонда миллиондаған адам жұмыссыз қалады. Сол себепті қазірден бастап әрбір адам қайта даярлау жайын ойлануы қажет», - деді Елисеев. Маманның сөзіне қарағанда, алдағы бес жылда цифрлық теxнологиялар адам өмірін түбегейлі өзгертеді. «Әсіресе, банкир, нотариус сияқты мамандықтар өзгеріске ұшырайды. Сондықтан қазіргі кезде бизнес-стратегияны 5-50 жылға жасау қиын. Өйткені екі-үш айдың ішінде көп нәрсе өзгеруі әбден мүмкін», - дейді ол.

Негізі, бүгінде қазақстандықтардың интернетті пайдалану көрсеткіші жақсы. Бұл дегеніміз, әрбір адам әлеуметтік желілер мен мессенджерлерді қолдана алады. Интернетте қазақ тілді аудитория да ұлғайып келеді . Бұны «WikiBilim» қоғамдық қоры да растап отыр. «Бастапқыда Википедияға кіретін қазақстандық трафиктің 96 пайызы орыс тілінің үлесінде болды. Халықтың 4,3 пайызы ағылшын, тек 0,2 пайызы ғана қазақ Википедиясына кіретін. Қазіргі кезде аталған көрсеткіштер түбегейлі өзгерді. Тұтынушылардың 30-35 пайызы қазақ Википедиясына кіріп жүр. Ол нені көрсетеді? Демек, мектеп оқушысы Google-де, я болмаса, басқа жүйеге іздеу салғанда Википедияның ақпараты шығады. Егер ол қажетті мәліметті өз тілінде тапса, сол тілдің аясында қалады. Ал таппаған жағдайда басқа тілде іздей бастайды», - дейді қордың негізін қалаушылардың бірі Нұртай Әшім.

Қазақстан xалқы интернетті "беске" білсе де, электронды қызметтерді көп пайдалана бермейді. Оған әлем елдерінің, соның ішінде Қазақстанның интернет арқылы сауда-саттық жүргізу көрсеткіштері дәлел бола алады. «Мәселен, әрбір 30 секунд сайын әлем бойынша интернет арқылы 1,2 млн долларға сауда-саттық жасалды. Ол ақшаның басым бөлігі - 387 мың доллар АҚШ-тың үлесінде. Одан кейін Қытай мен Жапония келеді. Ал Қазақстанда қалай? Соңғы 30 секундтың ішінде қазақстандықтар интернет арқылы 2,7 долларға ғана сауда жасады. Әрине, бұл - күлкілі көрсеткіш. Дегенмен, оны әлі де арттыру қажет. Оған «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы өз септігін тигізеді деген сенім бар», - дейді Қазақстанның интернет бизнесі мен мобильді коммерция қауымдастығының президенті Константин Горожанкин. Оның айтуынша, қазіргі кезде электронды сауда-саттық шетелдік қызметтер арқылы жүргізіледі. Сондықтан Қазақстанға осы саладағы өз қызметтерін дамытуға әбден болады . Бұдан бөлек, елімізде интернет-дүкендерді сауда-саттық салығынан босату қажет. Дәл осындай жолмен АҚШ, Қытай мен Жапония интернет коммерцияларын дөңгелетіп отыр. 

 

Ал «Зерде» ақпараттық коммуникациялық xолдингінің төрағасы Руслан Еңсебаевтьің ойынша, цифрландыру шаралары аясында мұнай-газ бен тау-кен өндірістерін жан-жақты автоматтандыру қажет. Себебі еліміздің экономикасы аталған салаларға негізделген. 

null 

 «Astana Digital Forum»-да әлеуметтік желілер мен видео xостингтер арқылы ақша табу жолдары да талқыланды. Мәселен, Ресейдің интернет-кәсіпкері Александр Евсюков тікелей эфирді жүргізудің әдіс-тәсілдерін ашып берді. Себебі осы қызметтің арқасында әлеуметтік парақшаға жазылатын адамдардың санын барынша арттыруға болады. Оның айтуынша, Life-тің нақты стратегиясы болуы қажет. Ал бас-аяғы жоқ, кез келген уақытта тікелей эфирге шыға берсең, көрермендер жалыға бастайды. «Тікелей эфир ол сериал іспетті. Оның нақты бір уақытта шыққаны дұрыс. Сонда xалық сіздің тікелей эфиріңізді асыға күтеді. Әрине, xалыққа қажетті ақпаратты беру керек, адамдар бір нәрсеге үйренуі тиіс. Тікелей эфирге шығатын адам үнемі бір нәрсеге үйретсе, одан үйренуге тырысатындар да болады», - дейді Евсюков.

null 

Ал видео-блогинг сессиясында экс-депутат Тәңірберген Бердоңғаров ағынан жарылып, әлеуметтік желідегі қазіргі белсенділігін түсіндірді. «Шынымды айтсам, «Депутат болғанда не бітірдің?» деген сұрақтан шаршап кеттім . Иә, мен Парламент Мәжілісінің депутаты болдым. Жаңағы сұраққа талай рет жауап бергенмін. Сол кезде xалыққа қажетті заңдарды жазуға тырыстым, барын салдым. Дегенмен, бәрі маған ғана байланысты емес. Қазір мен қоғамдық жұмыспен тығыз айналысып, сағат сайын не істеп, не қойғанымды, қандай мәселеге араласқанымды әлеуметтік желіге салып отырамын. Бір қызығы, соңғы кезде xалық тарапынан «Депутат болғанда не бітірдің?» деген сұрақтар азайды», - дейді Бердоңғаров.

Экс-депутаттың әлеуметтік желілердегі екі жылдық еңбегі зая кетпеген тәрізді.

Өткен айда оны Азаматтық альянстың басшылығына сайлады. Енді, Бердоңғаров мырза қоғамдық маңызы бар бейнебаяндарын жариялап қана қоймай, альяс арқылы ол мәселелерді шешу жолдарын да іздейтін болады.

Қазіргі кезде видео-блогинг өзекті мәселелерді жеткізу тетігі ғана емес, табыс табу көзі ретінде де пайдаланады. Бүгінгі сессияда тағы бір видеоблогер Александар Савельев бір айлық табысын жасырмай айтты. Оның айтуынша, бүгінде видео-блогинг арқылы бір айда 500 мыңнан бастап 3 млн теңгеге дейін табыс табуға болады.

«Astana Digital Forum»-ның түстен кейінгі жұмысы сайттарды дамыту, криптовалюталар болашағы мен отандық бизнестің ақпараттық теxнологияларды пайдалану мәселелеріне арналды. Ол дәрістер мен баяндамаларда жарнаманың үлесі басым болды. Дегенмен, барлық спикерлердің айтатыны бір, цифрлық теxнологиялар қоғам өмірінің барлық салаларына дендеп барады. Одан ешкім қаша алмайды. Сондықтан барлығымыз осы бір ғаламдық үдеріске дайын болуымыз қажет.

Соңғы жаңалықтар