Астана автобустарындағы кондукторлар жұмыссыз қалуы мүмкін

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астана билігі қала автобустарындағы кондукторлар қызметінен біртіндеп бас тартуды жоспарлауда, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

«Мүмкін жаз соңына дейін Shuttle bus-тан бастап, кондукторлардан мүлдем бас тартамыз. Тек shuttle bus-тағы емес, барлық автобустағы кондукторлар қызметінен алшақтау жоспарда бар», - деді Астана қалалық жолаушылар көлігі басқармасының басшысы Бекмырза Игенбердинов баспасөз мәслихаты барысында.

Ол жолдардағы көлік кептелісін азайту үшін әкімдік жүргізіп жатқан шаралар мен қала тұрғындарының жұмыс кестелерін өзгерту туралы пікір білдірді.

«Қарбалас уақыттағы кептелістің қаншалықты азаятынын көреміз. Бұл әрине, автобустардағы адам тығыздығына да әсер етеді. Оның үстіне жаңадан қосымша автобустардың сатып алынуы таңғы 8-дегі жүктемені азайтуға мүмкіндік береді. Демек, біз жолаушыларды автобустың алдыңғы есігінен кіргізіп, соңғы есігінен шығара аламыз. Онда бізге кондуктордың еш қажеті болмайды. Мобильді валидаторлар жүргізушінің жанына орнатылады», - деп түсіндірді Б.Игенбердиев.

Оның айтуынша, тамыз айында Астананың барлық автобустары жолақыны электронды төлеу жүйесімен қамтамасыз етіледі. Бұл жүйені көтермейтін ескі автобустар мобильді валидаторлармен жабдықталады. 

Соңғы жаңалықтар