Астана Ауғанстандағы жағдайды тұрақтандыруға ықпалдастығын арттыра береді - СІМ

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Ақылбек Камалдинов бастаған делегация Бакуда өткен Ауғанстан жөніндегі Ыстамбұл процесінің VII министрлік конференциясына қатысты, деп хабарлайды ҚР СІМ баспасөз қызметі.


Конференцияны Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиев және Ауғанстан Президенті Мохаммад Ашраф Гани ашты.

А. Камалдинов өз сөзінде Астана екіжақты және көпжақты форматтарда Ауғанстанның жағдайын тұрақтандыруға бағытталған халықаралық күш-жігерге әрі қарай белсенді ықпалдастығын жалғастыратынын ерекше атап өтті.

Сонымен қатар, өңірлік ынтымақтастықты әрі қарай ілгерілету Ауғанстанның аумағынан өңірдегі қауіпсіздікке, соның ішінде теракт пен есірткі тасымалдау қатерлері төнбейтін тұрақты мемлекет ретінде қалыптасуына септігін тигізетініне сенім білдірді. Сондай-ақ, қатысушыларды Қазақстанның 2018 жылғы қаңтарда БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіндегі төрағалығы барысында жұмыстың басымдықтары туралы ақпараттандырды.

Конференция қорытындысы бойынша өңірдегі жобаларды жүзеге асыруға және сындар мен қауіп-қатерлерді жоюға бағытталған ынтымақтастықтың одан әрі даму жолдары айқындалған Баку декларациясы қабылданды.

Соңғы жаңалықтар