«Astana Arlans» пен ресейлік «Patriot boxing team» командалары кездеседі

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Ертең Қарағандыдағы Серік Сәпиев атындағы бокс орталығында WSB Дүниежүзілік бокс сериясының жетінші маусымы шеңберінде «Astana Arlans» ресейлік «Patriot boxing team» командасына қарсы ширек финалдың қарымта кездесуін өткізеді.

Ресей боксшылары топтық бәсекеде «арландармен» бір топта болды. Және екі жекпе-жекте де «Астана арландары» қарсыластарынан басым түсті. Мәскеуде өткен алғашқы айқаста Ақүрпековтің командасы 3:2 есебімен жеңіске жетсе, елімізде өткен қарымта кездесуде 4:1 есебімен басымдық танытты. Бір-бірін жақсы танитын сыралғы қарсыластар плей-офф бәсекесінде қайта жолдары түйісіп, алғашқы кездесуде қазақ жігіттері 3:2 есебімен жеңіске жеткен болатын. Кездесу осыдан бір апта бұрын Кемеровода өткен еді.

«Астана арландарының» бас бапкері Нұрлан Ақүрпеков ресейлік командаға қарсы шығатын боксшылардың есімін жариялады. Рингке Олжас Сәттібаев, Закир Сафиуллин, Асламбек Шымбергенов, Арман Рысбек және қарағандылық Дмитрий Зиско шығады. Егер есеп тең болса, қосымша жекпе-жек өткізіледі. Бұл жекпе-жекке Нұрсұлтан Аманжолов шығады.

«Астана арландары» клубының ресми сайтындағы мәліметке сүйенсек, Бүкіләлемдік бокс сериясының басшылары ширек финалдың жеребесі тартылған сәтте қосымша жекпе-жек +91 келі салмақта өтеді деп шешкен.

Еске сала кетейік, бүгінгі таңда «Astana Arlans» Дүниежүзілік бокс сериясының жетінші маусымының қорытындысы бойынша бірінші орынды иеленіп тұр. 

Соңғы жаңалықтар