«Astana Arlans»-«Patriot Boxing Team»: Мәжитов ресейліктің меселін қайтарды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Щучье қаласында өтіп жатқан Бүкіләлемдік бокс сериясы (WSB) 8 маусымы аясында Ділмұрат Мәжитов ресейлік Константин Богомазовты жеңді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Қазақстан чемпионатының жүлдегері, 2017 жылғы WSB чемпионы Ділмұрат Мәжитов 64 келіге дейін салмақта шаршы алаңға көтеріліп, Ресей чемпионы Константин Богомазовпен қолғап түйістірген болатын. Кездесу барынша тартысты өтті. Алғашқы раундтан-ақ басымдығын таныта білген Ділмұрат жекпе-жекті 3-0 есебімен өз пайдасына шешті.

Алда 49 келіге дейін салмақта Қазақстанның 4 дүркін чемпионы, Азия чемпионы, 2015 және 2017 жылдардағы WSB чемпионы Теміртас Жүсіпов Ресейдің Алыс Шығыс Федералды округі чемпионатының екі дүркін чемпионы, Борис Сидоровпен кездеседі.

75 келіге дейінгі салмақта Қазақстан чемпионы бірқатар халықаралық турнирдің жүлдегері, 2017 жылғы WSB чемпионы Сапарбай Айдаров ресейлік танымал боксшы Расул Алиевтен айласын асыруға тырысады.

Ал ауыр салмақта бірқатар халықаралық турнирдің жеңімпазы Нұрбол Алтаев Ресейдің Орталық Федералды округі чемпионатының жеңімпазы Ровшан Ягубзадемен жекпе-жекке шығады.

Бұған дейін 60 келіге дейін салмақ санатында шаршы алаңға шыққан Қазақстанның 3 дүркін чемпионы, Азия ойындарының чемпионы, 2017 жылы жетінші маусымының WSB чемпионы Ілияс Сүлейменов Ресейдің екі дүркін чемпионы Василий Веткиннен басым түсті.

Естеріңізге сала кетсек, «Astana Arlans» боксшылары 2018 жылдың бірінші шайқасын Қарағанды қаласында 10 ақпан күні «Indian Tigers» командасына қарсы өткізген болатын. Нәтижесінде арландықтар 4:1 есебімен жеңіске жеткен еді.

Соңғы жаңалықтар