Астана әлемнің 600 қаласымен бәсекеге түседі - Қайрат Келімбетов

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - «Астана» халықаралық қаржы орталығының басқарушысы Қайрат Келімбетов Қазақстанның астанасы жуық арада әлемнің алдыңғы қатарлы ең ірі 600 қаласымен бәсекеге түсетінін мәлім етті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

«Алдағы 30 жылда экономикасы дамыған мемлекеттердің ғана емес, қалалардың арасында бәсеке бәйгесі қыза түседі. Бүгінгі таңда әлемнің 600 қаласы дегеніміз - жер жаһанның ішкі жалпы өнімінің 80 проценті екенін ескеру керек. Сол себепті, халықаралық бәсекеде Қазақстанның қай қаласы озық екенін көрсете білудің маңызы зор. Астана - бәсекелестік үшін №1 қала бола алады. Бәсекеге қабілетті болу үшін Астана «ақылды қалалардың» жаһандық желісінің бір бөлшегіне айналды», - дейді Қайрат Келімбетов Үкімет үйінде өткен баспасөз мәслихатында.

Оның айтуынша, халықаралық қаржы орталығы Астананы ықпалды қалалардың қатарына қосуда күш салатын болады. Қайрат Келімбетов өз сөзінде ЭКСПО аумағында «ақылды қаланың» сараптама орталықтарын құру үшін әкімдікпен меморандумға қол қойылғанын жеткізді.

«Қаржы орталығы құрылуы үшін Астана «ақылды қалалардың» біріне айналуы керек деп айтуға болады. Бұл тұрғыда қаланың инфрақұрылымына ғана емес, Астананың халықаралық жетекші қаржы орталықтарымен байланысына да баса маңыз беріледі. Алдағы екі жылда Нью-Йорк, Токио, Сингапур, Шаңхай сияқты іргелі шаһарларға тіке ұшатын рейстер ашылады деп үміттемін», - дейді ол.

Сонымен қатар, Қайрат Келімбетов қаржы орталығының тек қана Астананың дамуы үшін жұмыс атқаратыны туралы әңгімені жоққа шығарды.

«ХҚО - Қазақстанның барлық өңірлеріне инвестиция тарту бағытында жұмыс атқаратынын атап өткім келеді. Сонымен бірге, ең маңызды жайттардың бірі - Астананың инфрақұрылымның құрылысын қолдау саласында инвестиция тартудың хабына айналады. Біз Қорғастан басталып, Астанадан өтетін, ары қарай әр түрлі бағытта Ресейге жол тартатын Жібек жолын - осынау барлық инфрақұрылымдық инвестицияларды ХҚО арқылы қолдаймыз деп есептейміз», - деді ол.

Соңғы жаңалықтар