«Астана - адалдық алаңы» жобасының нәтижесі қандай

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін «Астана - адалдық алаңы» жобасының екі айлық жұмысына қорытынды жасалды. Осыған орай, ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлықа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекпаев пен қала әкімі Әсет Исекешев арнайы кеңес өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Астана әкімінің сөзіне қарағанда, бір ғана «е-әлеуметтік қамсыздандыру» желісі бойынша 100 мыңға жуық қағазбасты жұмыстан құтылды. Енді, зейнеткерлер мен мүмкіндігі шектеулі азаматтар құжат жинап, әуреге түспейді. Еңбек, жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасына барып, жеке куәліктің негізінде барлық қажетті құжаттарды шығара алады. Себебі орталық мемлекеттік органдардың ақпараттық базаларына кіруге рұқсат берілді.

«Енді, биыл біз сәулет пен жер қатынастары саласындағы процесстерді барынша оңтайландыруға күш саламыз. Себебі бизнес үшін барлығы ашық әрі тиімді болуы қажет. Шыны керек, бұның барлығын іске асыру оңай емес. Дегенмен, келесі айда біз осы жұмысқа білек сыбанып кірісеміз. Әрине, мемлекеттік сатып алулар да назардан тыс қалмайды. Биыл соның бәрін шешетін болсақ, жақсы болар еді», - дейді Ә.Исекешев.

ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлықа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекпаевтың айтуынша, осы саладағы барлық шаралардың негізгі мақсаты - тұрмыстық жемқорлықты жою. Осы орайда цифрлық технологиялардың рөлі зор. «Мәселен, «Астана - адалдық алаңы» жобасы аясында әлеуметтік қамсыздандыру саласындағы 9 қызметтің екеуі электронды форматқа ауыстырылды. Соның арқасында зейнеткерлер мен мүгедектер уақытты үнемдейді. Ал қызметкерлер арасында жемқорлық әрекеттері азаяды», - деп атап көрсетті А.Шпекпаев.

Жоба аясында жемқорлық жағынан тәуекелі жоғары 50 мамандықтың тізімі де жасалды. Соның негізінде арнайы әдістеме әзірленіп, жергілікті мекемелердің басшыларына таратылды. Олар өз кезегінде аталған қызметкерлерді бақылауда ұстап қана қоймай, жұмысын да бағалай алады. Бұның барлығы қызметкердің жалақысына, бонустарына әсер етеді. Бұдан бөлек, «Астана - адалдық алаңы» жобасының кеңсесі қоғамдық денсаулық басқармасымен бірлесе отырып, емханаларда халыққа сапалы қызмет көрсету алгоритмін және бірыңғай брендбукты әзірлеп шықты. Емханалардың логотипі жасалды. Екі айда атқарылған шаралар осымен шектелмейді. Жоба жетекшісі Жазира Жылқышиеваның айтуынша, қазіргі кезде мамандар сәулет, қала құрылысы мен жер қатынастары саласындағы мәселелерді зерделеуге кірісті. Бір айдың ішінде аталған мекемелердің жұмысын жетілдіріп, сол жерде сыбайлас жемқорлықты барынша азайтуға қатысты нақты ұсыныстар әзірленеді.

«Шыны керек, осы салаларда проблема өте көп. Нормативтік-құқықтық актілердің олқы тұстары, электронды кезек пен бейнебақылаудың болмауы және тағы басқа мәселелерді әлі де шешу керек», - дейді Ж.Жылқишиева.

Бүгінгі кеңесте аудан әкімдері мен жергілікті атқарушы органдардың басшылары «Жеке жауапкершілік» құжатына қол қойды. Оған сәйкес, жемқорлық әрекеттері жиі болатын мекеме басшысы да өз қызметкерлері үшін жауап беретін болады.

Кеңестен кейін Алик Шпекбаев пен Әсет Исекешев бірнеше басқарманың жұмысымен танысып, екі айда атқарылған жұмысты көріп шықты.

Соңғы жаңалықтар