Ассамблея - бірліктің киелі бесігі

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін елордадағы Бейбітшілік пен келісім сарайында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХV мерейтойлық сессиясы өтті. «Жаңғырудың негізі - тұрақтылық, бірлік, келісім» атты тақырыппен өткен алқалы жиынға еліміздің барлық өңірлерінен келген делегаттар қатысып, Ұлт көшбасшысының Ассамблеяның жұмысын Қазақстандағы барлық этностарды бірлікке, ынтымаққа ұйыстыру, жат діни ағымдарға тойтарыс беру, еліміздің үздік әдеби шығармаларын Біріккен Ұлттар Ұйымының ресми 6 тіліне аудару, жастарды тәрбиелеу сынды бағыттарында дамытуға қатысты ойларын тыңдап, өз пікір-ұсыныстарын да білдірді.

«Биылғы Ассамблеяның сессиясы ерекше мезгілде өткелі отыр. Еліміздің үшінші мүшелге аяқ басумен бірге бұл аса күрделі кезең. Қазіргі әлемдегі ахуал ел тыныштығы тұрақты дамудың ең маңызды шарты екендігіне көзімізді тағы да жеткізіп отыр. Қиын кезеңде бірлігіміздің ұйытқысы, бастауы ретінде құрылған Ассамблеямыз өзіне жүктелген қастерлі мисияны өте үлкен дәрежеде орындап келе жатыр. Бүгінгі Ассамблея тарихы ол тұрақтылықтың, татулықтың, бейбітшілік пен келісімнің шежіресі болып саналады. Бірліктің киелі бесігі, елді ортақ мақсатқа жұмылдыратын бірегей тетігі», - деді сессия отырысын ашқан Президент.

Мемлекет басшысының айтуынша, алдымызға қойып отырған ең басты мақсат өркендеп өсіп, 2050 жылы ең жоғары дәрежедегі 30  елдің қатарына қосылып, сол дәрежеге елімізді көтеріп, халқымыздың тұрмыс жағдайын көтеру болып отыр.

«Сондықтан біз әлемдік ахуал қандай болса да алға қарай ұмтылуымыз керек. Көріп отырсыздар, қанша дағдарыстан өтіп келеміз. Ешқайсысында біз сүрінгеніміз жоқ, экономикамызды төмен түсірмедік. Биыл еліміз кешенді жаңғыруға кірісті. Ошақтың үш аяғындай болатын экономикалық, саяси және рухани бағыттың қай қайсысы да айрықша маңызды. Қазақстанның үшінші жаңғыруы деген экономикалық түлеудің басын мен өзім Жолдауымда айттым. Мемлекетті басқаруды жетілдіре түскен конституциялық  реформалар - саяси жаңғырудың негізі. Ал «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақалаға өзек болған жобалар рухани кемелденудің бастауы», - деді Елбасы. 

ҚР Президентінің атап өтуінше, Ассамблеяның қоғамдық келісім кеңесі бүгінде қоғам мен адамның сұхбат алаңы болып отыр. Мәселен, 2016 жылы кеңес 2 мыңнан астам адамның проблемасының шешілуіне өз септігін тигізді. Жергілікті өзін өзі басқаруды дамыту ісіне де мол үлес  қосып отыр. Дегенмен алдағы уақытта бұл кеңес еліміздің жастарының жат діни ағымдардың арбауына түсіп қалмауын қадалағап қоймай діни экстремизм мен терроризм көріністеріне қарсы жұмыс істейтін болады. Мұндай тапсырманы Елбасы бүгінгі жиын барысында нақты берген де еді.

«Дін істері және азаматтық қоғам министрлігіне облыс әкімдіктерімен, Ассамблеяның барлық деңгейдегі қоғамдық келісім кеңестерімен бірлесіп, 2017-2018 жылдарға арналған діни экстремизмге, терроризмге қарсы іс-қимыл жоспарын әзірлеуді тапсырамын. Адамдар бәрін біледі, ештеңені жасыру мүмкін емес», - деді Мемлекет басшысы.

Расында да бүгінде терроризм үрейлі бүкіл әлем еліне кезіп жүргені анық жайт. Тіпті әлемнің ең қауіпсіз қалалары атанған Париж, Лондон, Ницца, Санкт-Петербург, Нью-Иорк лаңкестік шабуылдың басты нысанына айналғаны белгілі. Осы ретте еліміздің бүкіл өңірінде өкілдіктері бар Ассамблеяны дәл осы зұлымдықпен күреске жұмылдыру өте орынды.

«Біздің барлығымыз да 25 жыл бойы Қазақстанда этносаралық және басқа да жанжалдардың болмағандығына бой үйретіп алдық. Соның нәтижесінде кейбір мемлекеттік органдар, мүмкін бізбен сіздерде де «Бәрі осылай бола бермек» деген өзін өзі жұбатарлық сезім бар шығар. Бірақ, мәселен, мен үнемі қауіптеніп отырамын. Біздің барлығымыз да бұл тұрғыда барынша абай болуға тиіспіз. Экстремизм көрінісін байқау және оны жою -барлығымыздың да міндетіміз. Сол кезде біз өсіп-өркендейтін боламыз», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Келесі кезекте Елбасы мемлекеттің дамуына кедергі жасайтын мәселелер төңірегінде ой өрбітті.

«Біздің дамуымызды қандай нәрсе тежейді? Біріншіден, артқа қарап, алға қарай жүруге болмайды. Олай кез келген тасқа сүрініп, басты жарып алуға болады. Солай емес пе? Бұл дегеніміз, заман талабына сай келмейтін нәрседен бас тарту қажет. Біздің санамызда бар таптаурын түсініктерден де арылу маңызды. Мәселен, қазір араб елдерін алып қарайықшы, халықты орта ғасырға тартқаннан не пайда? Сол себепті мен жастарға ылғи айтамын, керітартпалық жасамау қажет. Қара орамалды жамылудың қажеті жоқ. Ол - қазаққа жат нәрсе. Осы іспетті атрибуттарды мына жерге әкелмеу керек. Әйтпесе, мемлекеттің дамуына кедергі жасаймыз», - деді Назарбаев.

Айта кетерлігі, сессия барысында жат діни ағымның жетегіне еріп, опық жеген төрт баланың анасы Әсел Базарбаева сөз сөйлеген болатын. «Қазір сол кезді еске алсам, жаным түршігеді. Дін арқылы ондай манипуляцияны жасауға болатынын ойлаған да жоқпын. Мен адамның ойына кірмейтін нәрседен өттім. Кемсіту, жәбірлеу, моральды тұрғыда қысым көрсету - бәрі-бәрі болды. Алайда мен үшін ең асыл адамдар - ата-аналардан бас тартуың керексің деп айтқанда ол сенімнің дін емес екенін түсіндім. Сол тығырықтан шығуға батылым жетті», - деді ол.

Базарбаева қазіргі кезде діни экстремизмнің құрбанына айналған азаматтарға көмек көрсететін арнайы орталықтарды көптеп ашу қажеттігін айтып, оның бұл бастамасын Президент толықтай қолдаған болатын. «Ондай орталықтар көп болуы керек. Әр өңірде қолдау қажет. Әкімдер, министрліктер өз көмектерін беруі тиіс», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Мұнан бөлек, ҚР Президенті еліміздің ұлы жазушыларының шығармаларын БҰҰ-ның ресми алты тіліне аудару қажеттігін де атап өтті. Есте болса, Елбасы өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет» жобасын іске асыруға тиістігімізді, отандық мәдениетімізді БҰҰ-ның алты тілі  ағылшын, орыс, қытай, испан, араб және француз тілдерінде сөйлетуіміз керектігін айтқан болатын.

«Біз мәдениетімізді бүкіл әлемге көрсетуіміз қажет. Қазақстандықтардың үздік шығармаларын оқуы, білуі үшін БҰҰ-ның алты тіліне аудару керек. Мәселен, М.Әуезовтің «Абай жолын», Ә.Нұрпейісовтің «Қан мен терін» және басқа да шығармаларды аударуға болар еді», - деді Елбасы.

Мемлекет басшысы бұл мәселені таяуда қаламгерлермен кездесуі барысында талқылағандығын, олардың қолдау көрсеткендіктерін баса айтты.

«Үздігін таңдау барысында проблеманың туындайтындығы да шындық. Өйткені, бізде жаман жазушы жоқ. Әрқайсысы өзінше ұлы. Осы ретте менің ойыма мына бір анекдот түсіп отыр. Сталинге келген Берия: «Жолдас Сталин, Шолохов қатты ішеді. Симонов қыдырымпаз», дейді. Сонымен қатар бірнеше жазушының атын атайды. Ал оған Сталин: «Жолдас Берия, менде басқа жазушылар жоқ қой», депті. Яғни, олар кім болса да біз комиссия арқылы әртүрлі этностардың өкілінің үздік шығармаларын іріктеп алуымыз және бүкіл әлемге көрсетуге тырысуымыз керек», - деді Назарбаев.

Сессия барысында өңірлерден келген делегаттар, ҚХА мүшелері, шетелдік қонақтар, жұмысшы мамандықтарының, жастар ұйымдарының, азаматтық қоғамның өкілдері сөз сөйледі. Осыдан кейін Мемлекет басшысы ҚХА мүшесі, Ақтөбе облыстық Қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы Сергей Вишняк пен ҚХА Кеңесінің мүшесі, «Әзербайжандықтар қауымдастығы» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Абилфас Хамедовты Ассамблея Төрағасының орынбасарлары етіп тағайындау туралы өкімге қол қойды.

XXV сессияның қорытындысында Ассамблея қоғамдық сананың жаңғыруы заңды болып табылатыны және объективті түрде қажет екендігі, Қазақстанның бүкіл даму стратегиясына тұтастық беретіні атап көрсетілген үндеу қабылдады. Өз үндеуінде ҚХА Қазақстан халқын Мемлекет басшысының қоғамдық сананың жаңғыруы бойынша бастамаларын іске асыруды қолдауға шақырды.

Соңғы жаңалықтар