Әскерилер тамағына қатысты үнемдеудің қажеті жоқ - Владимир Божко

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Қорғаныс министрі Сәкен Жасұзақов әскерилерді тамақтандырудағы сатып алулар кезіндегі проблемаларды атады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Бүгінде тамақтандыру құны 1225 теңге. Осы ретте тәулігіне 4 231 килокалорий қамтамасыз етіледі. Өздеріңіз білесіздер, сарбаздарды, курсанттарды үш рет тамақтандыру керек. Алайда жыл сайын конкурсқа қатысатын фирмалар тапсырысты ұтып алу үшін өз қызметтерінің құнын 650-900 теңгеге дейін төмендетеді. Бұл тұрғыда ештеңе істей алмаймыз, конкурс заңнама аясында өткізіледі, сәйкесінше онда төменгі бағаны ұсынған ұтады. Бұл дұрыс емес», - деп тоқталды министр Мәжілісте өткен Үкімет сағатында.

Оның сөзіне қарағанда, биыл 200-дан астам фирмалар конкурсқа қатысып, 650-900 теңгеге дейін бағаны ұсынғандар ұтып алады.

«Мен осы мәселе бойынша Премьер-Министрге хат жолдадым. Бұлай болмайды ғой? Әскери қызметшілерді тамақтандыруды ұйымдастыру бойынша аталған көрсетілетін қызметтерді заңнамадағы қолданысынан шығару қажет. Қазіргі кезде Ұлттық экономика министрлігімен тиісті жұмыстарды пысықтап жатырмыз. Осы орайда сіздерден тиісті қолдау жасауларыңызды сұраймыз», - деді С. Жасұзақов депутаттарға қарата айтқан сөзінде.

Өз кезегінде Мәжіліс төрағасының орынбасары Владимир Божко бұл мәселеде Қорғаныс министрінің сөзіне қолдау білдірді. Депутаттың пайымынша, әскерилерді тамақтандыру шаралары лайықты деңгейде болуы тиіс.

«Біз қазіргі кезде «Мемлекеттік сатып алулар туралы» заңнамасын қарастырып жатырмыз. Менің ойымша, Қорғаныс министрлігінде бұл тақырыпты ұзақ талқылаудың қажеті жоқ. Егер де әскери қызметшінің энергиялық теңгерімі физиологиялық тұрғыда айқындалып, оны тамақтандыру бойынша 1200 теңге қажет болса, онда бағаны төмендету шаралары туралы айту дұрыс емес. Осы орайда Ұлттық экономика министрлігінің назарын  бұл мәселеге аудартқым келеді», - деді Владимир Божко.


Фото: novosti-ru.ru

Соңғы жаңалықтар