Әскери қызметшілер тұрғын үй төлемдерін қандай мақсаттарға жұмсай алады

None
None
АСТАНА.  ҚазАқпарат - «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне тұрғын үй қатынастары мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы ҚР Парламенті Сенатының жалпы отырысында қаралады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Айта кетерлігі,  бүгін ҚР Парламенті Сенаты Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің кеңейтілген отырысында аталған құжатты таныстырған ҚР Қорғаныс министрінің орынбасары Талғат Мұхтаровтың айтуынша, заң жобасының мақсаты мен маңызы - баспанаға мұқтаж әскери қызметшілердің барлық санаттарын меншікті үймен қамтамасыз ету.

«Заң жобасы келесі тетіктерді қарастырады. Атап айтқанда, әскери қызметшілерге екінші деңгейлі  банктердегі жеке арнаулы есепшоттарға ай сайын тұрғын үй төлемдері аударылатын болады. Тұрғын үй төлемдерінің мөлшері еліміздің тиісті өңіріндегі тұрғын үйдің бір шаршы метр құнын әскери қызметшінің отбасы мүшелерінің әрқайсысына тиесілі пайдалы аудан нормаларына, яғни бір адамға шаққанда 18 шаршы метрге көбейту арқылы есептелінеді. Әскери қызметшілер осы тұрғын үй төлемдерін тек келесі мақсаттарға жұмсай алады. Ипотекалық несиені пайдалана отырып, тұрғын үйді сатып алуға, тұрғын үй арендасын төлеуге, соның ішінде баспананы кейіннен сатып алу құқығымен жалға алуға, үлестік тұрғын үй құрылысына, тұрғын үй және тұрғын үй құрылыс кооперативіне қатысқан кезде жарналарды төлеуге, тұрғын үй құрылысы жинақтарын жинауға және жағдайларын жақсартуға пайдалана алады», - деді ол.

Оның айтуынша, заң жобасы әскери қызметшілердің баспанасыздық проблемасын  және басқа да проблемаларын шешуге бағытталған. Бірінші кезекте 20 жыл және одан көп ғұмырын  әскери борышын өтеуге арналған әскери зейнеткерлерді тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселесі шешімін табады. Олардың біразы көшіп кету  мүмкіндігі болмағандықтан әлі күнге жабық және оқшауланған әскери қалашықтарды меншікті баспанасыз  қызметтік тұрғын үйлерге тұруға мәжбүр.

«Әскери қызметкерлердің тағы бір бөлігі тіпті ешбір баспанасыз қызметтен шығарылған. Бұл ретте заң жобасымен қандай да бір тұрғын үй берілместен, қызметтен шығарылған осы әскери зейнеткерлер біржолғы ақшалай өтемақыны алдағы 2018 жылы алатын болады. Яғни олардың тұрғын үйге деген құқығы толық іске асырылады. Әскери қалашықтарда тұрып жатқан зейнеткерлерге де біржолғы ашқалай өтемақыны 2020 жылы төлеу көзделген. Осының арқасында ведомстволардың қолданыстағы қызметтік тұрғын үй қоры босатылады және ол баспаналар іс басындағы әскерилердің кіруіне ұсынылады. Заң жобасындағы келесі бір жаңашылдыққа сәйкес, әскери қызметті өткеру барысында қаза тапқан немесе дүниеден өткен әскери қызметшілердің отбасыларының баспанасыздық мәселесі шешіледі. Аталған отбасыларға шейіт болған  әскери қызметші әскери  қызметін өтеген өңірдегі жаңа тұрғын үйдің нарықтық құны мөлшерінде біржолғы ақшалай өтемақы төлеу көзделіп отыр. Сонымен қатар заң жобасында әскери қызметін өткеру кезінде жарымжан болып қалған немесе ауыр дертке шалдығу нәтижесінде әскери есептен шығарылған қызметшілерді баспанамен қамтамасыз ету қарастырылуда. Бұл санаттағы әскерилерге де қызметін өтеген өңірдегі жаңа тұрғын үйдің нарықтық құны мөлшерінде біржолғы ақшалай өтемақы төлеу ұсынылады», - деді Талғат Мұхтаров.

Соңғы жаңалықтар