Әскердегі шынайы өмірді көрген соң одан бас тартатындар да бар- Сейіткерім Арапбаев

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбе облысында әскерге шақырылғандар «Ақсұңқар» аппараты арқылы арнайы психологиялық тест тапсырады. Тесттен мүдірмей өткендендердің өзі кейде бір күн өткен соң бәрінен бас тартып жатады. Бұл туралы Ақтөбе облыстық Қорғаныс істері жөніндегі департамент бастығы Сейіткерім Арапбаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. 

Ақтөбе облысы әскерге шақыру жұмыстары кезінде жоспарды түгел орындап келеді. Мәселен, биыл 900-ден астам жас Отан алдындағы борышын өтеуге аттанды. Оларға куәлік бермес бұрын арнайы комиссия тексеруден өткізді. Құрамында теологтары мен дін өкілдері, үкіметтік емес ұйым мүшелері мен жауапты мемлекеттік, әскери қызметкерлері бар комиссия алдымен өз еркімен баратындарға басымдық береді.

«90 жылдары әскери борышын өтеуден қашатындар болды. Қайта құру кезінде азаматтардың патриоттық сана-сезімін тәрбиелеу қиын болған еді. Қазіргі кезде ондай проблема жоқ. Дегенмен денсаулығына байланысты әскери борышын өтей алмайтындар бар. Сонымен қатар аудан, ауылда мұғалім болып жұмыс істеп жүрген ер адамдар кадр тапшылығы мәселесіне байланысты Отан алдындағы борышын өтеуді кейінге шегеріп жатады. Дін өкілдері де мерзімін шегере алады. Кейде жас жігіттердің аналары келіп, баласының несие алғанын айтады. Бұл азаматтар резервте тұрады. Кейін шақырылады. Мүлде әскерге барудан бас тартқан адам жоқ. Егер бас тартса, материалды сотқа береміз. Ол кезде 2 миллион теңгеден астам айыппұл төлеп, түрмеге қамалуы мүмкін. Дін өңір үшін өте күрделі сұрақ. Ұлттық қауіпсіздік комитеті, теологтармен жұмыс істейміз. Комиссия құрамында облыстық дін істері басқармасының өкілі де бар. Сол жерде өздері азамттармен сұхбаттасады. Жалпы бізде әскерге шақырған жастар арасынан сақал өсіріп, бармаймын деген жастар байқалмады. Олар әскерге алынса, борышын өтеп жүргенде намаз оқымайды»,- деді Ақтөбе облыстық Қорғаныс істері жөніндегі департамент бастығы Сейіткерім Арапбаев.

Ақтөбеден шақырылушылар «Ақсұңқар» аппараты арқылы психологиялық тест тапсырады. Құны 5 миллион теңге тұратын аппаратты қорғаныс департаментіне жергілікті әкімдік алып берген.

«Тест тапсырған кезде азаматтар тексеруден мүлтіксіз өтеді. Кейін әскери бөлімге барған кезде мыңнан бірі сыр береді. Әскери бөлімге барып, сарбаздың өмірін көрген азамат бір күн өткен соң бәрінен бас тартып жатады. Тәртіп, ереже, ата-анасы жанында жоқ. Теледидардан көрген әскери өмір басқа, нағыз өмірдегі әскери бөлім өмірі бөлек»,- деді С.Арапбаев.

Айта кетейік, Ақтөбе облысы бойынша биыл 956 жігіт әскери борышын өтеуге аттанды. Олар еліміздің төрт әскери бөлімінде Отан алдындағы борышын өтеп жатыр. Көктемде барлығы 9 мыңнан астам жігіт шақырылса, оның 243-і әскери комиссариатқа келмей қалған. Шақырылғандардың 900-ден астамы әскери борышын өтеуге уақытша дайын емес болып шықты.

Соңғы жаңалықтар