Әскер Пириев: Ахысқа түріктері қазақтың кең пейілінің арқасында азапты жолдан аман қалды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Халықтар депортациясы - тарихтың ақтаңдағы ғана емес, ол адамзаттық қарым-қатынастың ізгілік негіздеріне жасалған үлкен сынақ болды. Әлбетте, бұл сынақтан қазақ ұлты сүрінбей өткені баршаға аян. Өйткені, Кеңес өкіметінің тұсында тұтастай ұлттар қуғын-сүргiнге ұшырап, қазақ даласына зорлықпен жер аударылды. Осындай қасіретті кезеңде қазақ халқы қуғынға ұшыраған ұрпаққа үлкен жанашырлық танытты. Қазақы қамқорлықтың нәтижесiнде жер аударылғандар ұлт ретінде сақталып, Қазақстанда ұрпағын аман-есен өрбітті.

Солардың бірі - Ахысқа түріктері. Ғасырлар бойы тарихи отаны Оңтүстiк Грузияда грузин, армяндармен араласа өмiр сүрген Ахысқа түрiктерi - Анадолы түрiктерiнiң түрлi тарихи-географиялық жағдайларға байланысты сыртта қалыптасқан тармағы еді. Ахысқа түрiктерiнің Қазақстанға жер аударылуы Екінші дүниежүзілік соғыс кезеңінде орын алды. 1944 жылғы қараша айының 15-i күнi небәрi екi сағаттың iшiнде олар өзiнiң ғасырлар бойы мекен еткен тарихи отанынан күштеп Қазақстан мен Орталық Азияға көшірілді. Солардың ішінде біздің Пириевтер отбасы да болды.

Әкеміз Пириев Аллаверди Хусейінұлы депортация кезінде 10 жасында екен. Бәрі есінде болса да бізге тек соңғы жылдарда ғана сонау заманғы адам төзгісіз жағдайдың мән-жайын айтып берген еді.

Жалпы әкемнің әкесі - Хусейін атам жасынан ерекше адам болған екен. Арғы атамыз Пірімен бірге түрлі мәжілістерге қатысып, дастандар мен ақсақалдардың насиxат-әңгімесін тыңдап өсіпті. Ақылды, салмақты болғанына қарамастан айтқанынан қайтпайтын қайсар жігіт 16 жасында өз еркімен Түркияның Эрзурум қаласында тігінші ұстаның қасында бір жағынан көмекші, бір жағынан машина ұсталығын (инженер техник) үйреніп, киім тігу маманы болған екен. Бабаларымыз негізінен Аxысқа пашалығының Гойун-дәрә аулы, Гөйджәләр (Көкшелер) әулетінен. Арғы түбіміз - Қара папаx түріктерінен. Бір кездері Қавқаз жорығына қатысып, кейін пашалық құрылғаннан соң Сұлтан тарапынан марапатқа да ие болған.

Саят әжем де сол ауылдың Эфендиләр әулетінен, ауқатты жанұяның қызы еді. Ыстанбұлда және басқада қалаларда медреседен дәріс алып, діни білімін жетілдірген. Үлкен кісілердің айтуы бойынша өзі Құранды жатқа білетін Қари болған екен. Бірақ марқұм ардақты әкеміз кеңес режимінен қорыққаны үшін әжеміз жайлы көп әңгіме айтпайтын. Мен әжемнің үйдегі кенже немересі болғандықтан маған кейбір құпияның бетін толық ашпаса да, шет жағасын ертегі сияқты айтып отыратын. Соның арқасында Құран сүрелерін жазып, жаттайтынмын. Атам мен әжемнен 3 ұл, 2 қыз өрбіген еді. Үлкен ұлдары депортациядан кейінгі жылдарда ауырып ерте көз жұмған.

Тарихтан белгілі тоталитарлық режимнің депортациялау жоспары ың-шыңсыз жүргізілді. 1944 жылы қарашаның қара суығында таңертең күтпеген жерден есік қағылып, ауылды толығымен кеңес әскерилері қоршауға алады. Келгендер «немістер жақындап қалды, үйлеріңді тастап, бірнеше күнге жақын маңдағы елді-мекенге уақытша орналасасыңдар» деп қолдарындағы қаруларымен қорқыта көшуге мәжбүрлеген екен. Ол кезде ауылда тек қариялар, әйелдер, балалар мен ауру-сырқау, мүгедектер ғана қалған болатын. Өйткені, аxысқалық түріктер, шамамен 40 мыңға тарта кісі майданға аттанған еді.

Малының алдына шөп-суын жайғаған күйі ауыл тұрғындары еш нәрседен күдіктенбестен дайын тұрған жүк көліктеріне мініп, теміржол стансасына әкелінеді. Қолына үйден еш нәрсе алуға рұқсат та етілмеген. Стансада басқа ауылдардан тура сондай сылтаумен жиналған мыңдаған, он мыңдаған адамдарды кезек-кезек жүк вагондарына тией бастайды. Ауылдары аралас (гүржі, армян) болғанымен, жиналғандар тек мұсылмандар (түрік, күрді, һэмшин) болып шығады. Адамдар бөлек-бөлек, топ-топ болып, арасы қашық жерлерде ұсталып, бір-бірімен сөйлесуге рұқсат етілмеген. Айта кетерлігі, бұрын теміржол тек Боржомиге дейін төселген ғана екен. Ал Боржомиден Аxысқаға дейін темір жолды дәл осы оқиғаның алдында ғана тылдағы жұмысшылар ретінде баяғы сол түріктердің өздеріне салдырыпты.
null

Сонымен күздің қара суығында ахысқа түріктерінің белгісіз бағытқа, белгісіз елге азапты сапары басталады. Вагонның есігі тек сыртынан құлыптанған. Бір вагонда ер де, әйел, бала-шаға да бар. Адам тығыз. Қандай да бір қарапайым қажеттілік нәрселерінің өзі (пеш, су, дәретxана) болмай, жол азабы алғашқы күннен-ақ басталыпты. Қасіретке толы алыс жолдың алғашқы күндерінде-ақ бірнеше жас келіншек қайтыс болған екен. Өйткені олар вагонда үлкен кісілермен бірге келе жатқандықтан кіші дәретінен ұялғанының салдарынан зәр бездері жарылып, марқұм болыпты. Кейін бірте-бірте олардың үстіне суықтан, аштықтан, түрлі ауырудан бақилық болғандар қосылады.

Осылайша, күн сайын қаза болғандар саны артып, жолда кейбір жерлерде пойыз тоқтап, марқұмдардың денелерін жолдың бойында қардың ішіне тастап кетіп отырған. Не кебін, не ақыреті мен жерлеу жоралғысыз айдалаға лақтырылғаны жұрттың ашуын туғызады. Бірақ, қолдан келер қайран да жоқ. Әйтеуір кейбіреулер мәйіттерін жасырып бермеуге тырысқан. Стансаға тоқтағанда әскерилерге соңғы алтындарын беріп, жалына жүріп, тез арада жерлеу рәсімін жасағандары да болыпты. Осылайша, жол бойындағы қарға немесе топыраққа жерленгендердің саны да, олардың жатқан жері әлі күнге дейін белгісіз қалды.

Үлкендердің айтқанынан тағы бір оқиға есімде қалған еді. Стансалардың бірінде аяғы ауыр жас келіншектің толғағы басталады. Алайда әйелдерге де, ерлерге де вокзал ғимаратына баруға рұқсат етілмеген. Тек вагоннан түсуге және бірнеше метрлік қашықтыққа баруға ғана рұқсат берілген. Әйелдер құлақтарындағы алтын сырғаларын жинап, әскери-қарауылдарға беріп толғағы қысқан келіншекке көмек көрсетудің жолдарын қарастырады. Осылайша, әскерилермен келісе жүріп олар келіншекті босандырудың қамына кіріседі. Толғатып жатқан келіншектің басы-қасында 2 әйел, олардың төңірегіне айнала 3-4 әйел шеңбер жасап, ал олардан кейін ер кісілер әйелдер жаққа сырттарымен тұра 3-ші шеңберді қоршаған. Сосын айнала тұрған ер кісілер мағынасыз-мағынасыз сөздермен айқайлап, шулай бастайды. Шу шығарудағы мақсат босанған келіншектің дауысы естілмесін, босанғаны білінбесін дегендіктен екен. Өйткені, әдет-ғұрыппен өскен ортада бұл ұят болып саналған ғой.

Осы жағдайдан кейін әскерилер: «Бұлар жабайы, таудан түскен құбыжықтар» деп мазақтай бастайды. Тіпті сапардың соңында Қазақ еліне келген кезде де жергілікті билікке табыстап жатып та, жолдан  сұрағандарға да тура солай «бұлар жабайылар, таудан түскендер» деп айтқан екен.

Міне, осындай азапты күндерге толы кезең тек Қазақстанның қиыр оңтүстігіне жеткеннен соң, қазақ отбасының қасына қоныстанғаннан соң ғана аяқталады. Әкем де, ата-әжелеріміз де біздің ұлт болып өсіп, адам болып сақталып қалғанымыз үшін қазақтарға мың алғысын айтудан жалыққан емес.

«Келген жеріміз қандай ел екен? Тілі, діні қандай екен?» деп жеткенше уайымдасақ, сөздері бізге ұғынықты, түрлері өте ұқсас, діні - ислам. Ең алғаш кездескен адамдарға «Ассалаумағалейкүм» деп амандасып, одан «Уағалейкүм ассалам» деген жауапты естіген кезде әжем еріксіз көз жасын ұстай алмай қалыпты. «Бұларда мұсылман екен, енді өлмейміз депті», - деген еді әкем. Осылайша азапқа толы ауыр жолдың шеті Оңтүстік Қазақстан облысына барып тіреледі. Стансадан ат-шаналарға жүруі қиын қариялар мен сырқаттарды отырғызып, қалғандарын жая ауыл-ауылға бөледі.  

Атам отбасымен Сталин совxозында қазақ жанұясының бір бөлмелі жер үйіне орналасқан екен. Алғашқы уақытта бір-біріне күмәнмен қарағанымен, бір-екі күннің ішінде жақын танып, біліскен соң екі тарап та өздері туралы айтылған сөз жалған екенін түсінген. Сол аядай ғана жер үйде алғашқы айларда қожайынының жанұясынан басқа депортациямен келген 3 жанұя тағы тұрған екен.

Әкем Қазақстанда 35 жыл қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болып қызмет етті. Әдіскер мұғалім, еңбек сіңірген қайраткер, ағарту саласының үздігі атанды. Мектеп директоры болды. Пединститутта жұмыс істеді. Мұғалімдерді жетілдіру институтында қазақ тілінен мұғалімдерге сабақ берді. Ол алғашқы интерактивті тақтаның авторы. «Ағарту саласында атқарған қызметімнің барлығы - менің қазақ халқына, Қазақстанға айтқан алғысым» деп отыратын әкем.

Әскер Пириев 

Соңғы жаңалықтар