Асқар Мамин Бакуде Әзербайжан Президентімен кездесті

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Асқар Мамин Бакуде Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиевпен кездесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

ҚР Премьер-Министрінің баспасөз қызметі хабарлауынша, А.Мамин Әзербайжан басшысына ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың сәлемі мен ыстық ықыласын жеткізіп, биыл сәуірде Қазақстан-Әзербайжан қарым-қатынасының ары қарай дамуына серпін берген Бакуге жасаған ресми сапарының маңызын атап өтті.

Кездесу барысында сауда-экономикалық қарым-қатынастың барлық спектрі бойынша ынтымақтастың даму болашағы талқыланды.

«Әзербайжан - Кавказ өңіріндегі Қазақстанның ірі стратегиялық серіктесі саналады», - деді А.Мамин.

Кездесу кезінде ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары хабарлағандай, Қазақстан-Әзербайжан үкіметаралық комиссиясы 2017-2020 жылдарға арналған ҚР мен ӘР арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықты кеңейту бойынша Жол картасын дайындады.
null

И.Әлиев Транскаспий халықаралық көлік қатынасының әлеуетін ұлғайту және Баку-Тбилиси-Карс жолын пайдалануға берудегі Қазақстанның маңызды рөлін атап өтті.

«Заманауи логистикалық инфрақұрылымның сауда ағындарын қамтамасыз ету және жеткізу жылдамдығы мен баға бойынша сапалы қызмет көрсету - транзиттік дәлізге қатысушы елдердің жаңа нарықты игеруіне және жүк ағындарын тартуына мүмкіндік береді», - деп атап өтті А.Мамин.

Тараптар Ақтау, Құрық және Алят сауда порттарының қызметін синхрондау қажеттігін атап өтті.

Кездесуде тараптар сауда айналымын арттыру, сондай-ақ Әзербайжанға жылына 1 млн тонна қазақстандық астықты жеткізу бойынша шаралар қабылдауға келісті.

Соңғы жаңалықтар