АШМ журналистерді қомақты сыйақысы бар байқауға белсене қатысуға шақыруда

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат -  Бір айдың ішінде  «Кооперация - ауыл болашағы» атты журналистер байқауына екі-ақ материал жолданды. 

Байқаудың негізгі мақсаты - агроөнеркәсіп кешенін дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы аясында «кооперация» тақырыбын кеңінен насихаттау, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.  

«Бағдарлама бойынша алдағы бес жылда 500 мың жеке қосалқы шаруашылықтарды біріктіріп, 1200 кооператив құру қарастырылған. Сол арқылы ауылда шығып жатқан өнімді өндіріске жеткізу, шарулардың жағдайын жақсарту деген үлкен бағыт бар. Осы бағыт бойынша ауыл шаруашылығы министрлігінде кешенді жұмыстар басталып кетті. Оның бір шарасы, фермер.kz деген сайт құрылды. Ол - бір. Екіншіден, осы кооперацияны түсіндіруге арналған жұмыс тобы құрылды. Үшіншіден, арнайы байланыс орталығы ашылды. Ол жерден кооперацияға байланысты барлық сұрақтарға толыққанды жауап алуға болады. Енді, осы жұмыстардың барлығын халыққа жеткізетін бұқаралық ақпарат құралдары болғаннан кейін біз «ҚазАгро» ұлттық холдингімен бірлесіп, журналистерге арналған «Кооперация - ауыл болашағы» атты байқауды жарияладық. Конкурстың жүлде қоры 3 миллион теңгеден асады. Алайда байқау басталғалы бері бізге екі-ақ материал жолданды. Мен ойлаймын, конкурстың нәтижесі маусым айында шығады дегеннен кейін жарналист әріптестеріміз жайбасарлық танытып жатыр. Жақындаған кезде бере саламыз деп ойлайтын шығар», - деді ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі қоғаммен байланыс басқармасының басшысы Жасұлан Әбдіманап ҚазАқпарат тілшісіне берген сұхбатында. 

Оның айтуынша, демеушілердің қаржысын тарту арқылы байқаудың жүлде қорын әлі де ұлғайту жоспарланып отыр. Конкурстың қорытындысы Журналистер күніне орай жарияланады. 

Айта кетейік, «Кооперация - ауыл болашағы» конкурсы 1 ақпан күні жарияланған болатын. Байқауға республикалық және өңірлік БАҚ-тың кәсіби журналистері, штаттық және штаттан тыс журналистер, сондай-ақ Интернет-БАҚ өкілдері қатыса алады.

Номинациялар: баспасөз (газеттер, журналдар), радио, теледидар, интернет-БАҚ (оның ішінде жаңалықтар агенттіктері).Қатысу туралы өтінім және конкурстық материал 2017 жылғы 10 маусымға (осы күнгі сағат 18.00) дейін [email protected] электронды поштасына қабылданады. Салмағы 25 мегабайтқа жуық материалдар Google Drive, Облако.Mail.ru, Yandex.Диск және т.б. бұлтты сервистері арқылы жолданады.

Байқауға ағымдағы жылы 1 қаңтар мен 10 маусым аралығында шыққан немесе жарияланған жұмыстар қабылданады.Байқау ережесі мен ұсынылу формасын mgov.kz сайтынан табуға болады. 

Соңғы жаңалықтар