Ашхабадта бас жүлдені жеңіп алған жеңіл атлеттер елге оралды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Ашхабад қаласында өтіп жатқан жабық кешендегі Азия ойындарында жеңіл атлетикадан ел қоржынына 10 медаль салған спортшылар елге оралды, деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР Жеңіл атлетика федерациясының ресми сайтына сілтеме жасап.

Ашхабад-Алматы әуежайы бойынша елге оралған спортшыларды ҚР Жеңіл атлетика федерациясы мен Алматы қалалық жеңіл атлетика федерациясының қызметкерлері күтіп алды.

Делегация құрамында 14 жеңіл атлет және бас бапкер Григорий Егоров пен ҚР Жеңіл атлетика федерациясының спорттық директоры Александр Кощеев бар.

Естеріңізге сала кетейік, Ашхабадта  Олимпиада чемпионы Ольга Рыпакова ұзындыққа және үш қарғып секіруден топ жарды. Сондай-ақ алтын алғандардың қатарында Иван Иванов (ядро серпу), Сергей Григорьев (сырықпен секіру), Виктория Зябкина (60 метрге жүгіру), Элина Михина (400 метрге жүгіру) бар.

Жалғыз күміс медаль үш қарғып секіруші Мария Овчинникованың еншісінде.

Қола жүлдеге Ольга Сафронова (60 метрге жүгіру), Анастасия Виноградова (60 тосқауылдар арқылы жүгіру), Михаил Литвин ( 400 метрге жүгіру) ие болды.

Қазақстандық жеңіл атлеттер жалпы командалық есепте өзге елдерден озық өнер көрсетіп, бірінші орынды еншілеген еді. Екінші орында - Үндістан атлеттері болса, үздік үштікті Сауд Арабиясы қорытындылады.

Соңғы жаңалықтар