Ашаршылық жылдарындағы Ақтөбе

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - 1932-1933 жылдары Ақтөбе, Қостанай, Қызылорда облыстары мен Ресейдің Орынбор облысында жағдай қандай болды? Ақтөбе облысының мемлекеттік мұрағатында сол жылдары Халық комиссарлары кеңесі төрағасының орынбасары болған Тұрар Рұсқұловтың қандай құпия тапсырмасы сақтаулы тұр? ҚазАқпарат тілшісі мемлекеттік мұрағаттағы құжаттардан ашаршылық жылдарындағы жазбаларды, құжаттарды зерттеді.

Ақтөбе облыстық мемлекеттік мұрағаттарда көршілес Қызылорда, Қостанай облысының бірнеше ауданы мен қазіргі Ресейдің Орынбор облысындағы аудандардың деректері мол сақталған. 1932 жылдағы ашаршылық, отырықшылық, коллективтендіру жұмысы жиындардағы хаттамаларда сақталған. Бір өкініштісі, мал басының азаюы туралы ақпарат бар, адам өлімі туралы деректер жалпы жазылған. Мәселен, мұрағатта Қостанайға қарасты Батпаққара ауданының 1931-1933 жылдардағы саяси-экономикалық жағдайы туралы жазылған құжат бар. Онда: «1931 жылдың қазан айында ауданда 23 әкімшілік ауыл бар. Халық саны - 46 46. Барлығы 9 902 шаруашылықта  167 983 бас қой болды... Жергілікті тұрғындарға дөрекілік көрсетіп, өрескел қателік жіберген соң адамдар Қазақстанның басқа өңірлеріне, көршілес республикаларға қашып кетті. Сөйтіп аз уақыт ішінде Батпаққара ауданының 10 әкімшілік ауылы жойылып кетті. Өзге ауыл тұрғындары көшіп-қонып жан сақтаса, қалғандары аштықтан өлді. 1932 жылдың сәуірінде жаппай ашаршылық жайлады. Аудан жетекшілері Ибрагимов пен Торғаев бұл жағдайға мән бермеді, қажетті шара қолданбады. Адамдардың өліп жатқанына қарамастан БКП (б) аудандық хатшысы Ибрагимов облыстық партия конференциясында аудандағы жағдай жақсы деп есеп берді...»,- деп жазылған. Екі басшының кейін 352 бас малды жоғалды деп жалған есеп бергені, іс сотқа жіберілгенімен прокуратураның еш шара қолданбағаны жазылған.

Ашаршылық жылдары арып-ашып, әлсіреп қалған адамдарға арналып арнайы орын дайындалған екен. БКП (б) Ақтөбе облкомының бюро отырысындағы хаттамаға сүйенсек, әлсіреген көшпенділерге Ақтөбеден 50, Қостанайдан 50, Ақбұлақтан (Орынбор облысы-ред) 20, Аралдан 20 кереуетті орын ашу бұйрығы бар.  Сөйтіп 1933 жылы 3 600 метр ақ мата, 600 метр матрац, 100 жамылғы үшін қаржы бөлген.

Ақтөбе облыстық мемлекеттік мұрағатында ашаршылық жылдарындағы балалар үйі тәрбиеленушілерінің хал-жағдай айтылған хаттама бар. Онда балалар үйінің тәрбиеленушілері түнде бақылаусыз, қадағалаусыз қалатыны, науқас балалар мен денсаулығы жақсы балалардың екі бөлек бөлмеге жатқызылмағаны айтылған. «Ақтөбедегі №2 балалар үйі мен балаларды уақытша орналастыратын жердегі тамақтандыру өте нашар. Балалар үйінде сүт жоқ. Қабылдау орнына шай, қант берілмейді. Бәрі ортақ асханада тамақтанады. Отын жоқ. Балалармен ешқандай жұмыс жүргізілмейді. 3-4 жастағы балалар қабылданбайды. Ал балалар үйіне орналастырылған жағдайда олар мектеп жасындағы балалармен бірге тәрбиеленеді»,- деп жазылған.

Мұрағатта Ақтөбе өңіріндегі аудандардың көшпенділері мен жартылай көшпенділері туралы арнайы дерек те сақталған. Құжатта мал, астық ұрлығы туралы жазба бар. Тағы бір хаттамада мал басының кемуі туралы нақты сандық көрсеткіш жазылған.

Аудандар/жылдар

1930

1931

1932

1933

Арал

-

-

13813

9431

Шалқар

260969

150610

24828

12492

Торғай

-

59232

7989

4163

Батпаққара

-

167983

15960

9314

Ырғыз

249554

55683

19728

14580

Табын

-

61292

17699

13119

Ойыл

-

39932

-

3876

Темір

95726

45875

16288

17371

Кестедегі деректер ауылдағы мал басының күрт азайғанын көрсетеді. Мәселен, қазіргі Қостанай облысының Батпаққара ауданында 1931 жылы 167 мыңнан астам мал болса, екі жылдан соң бар болғаны 9 мыңнан астам мал қалған екен.

Ашаршылық жылдарындағы құжаттар арасында сол жылдары Халық комиссарлары кеңесі төрағасының орынбасары болған Тұрар Рұсқұловтың құпия тапсырмасы бар.  Онда РСФСР  Халықтың комиссарлар кеңесі қаулысымен 21 300 көшпелі қазақты Орталық Волга мен Батыс Сібір аумағына жинауды тапсырғанымен жоспар бар болғаны 9 мың адамға орындалғаны жазылған. Себебі, сол кезде қазақтардың басым бөлігі өз туған жеріне қайта оралған екен.

«Қазақстанның, соның ішінде Ақтөбенің қазақтары көктемгі егіс жұмыстарына жұмылдырылмады. Олардың материалдық базасы жоқ, қысқа дайын емес. Сондықтан Қазақстанның солтүстігінде, сонымен қатар Ақтөбе облысында адамдарды жинап, орналастыру келісіміне келдік... Қазақстан шекарасынан басқа аймақтарға жіберу қажет болса да қазақтарды дереу жұмысқа орналастыру керек. Жергілікті органдар үшін тамақтардыру орындарында оларға азық бергеннен гөрі адамдарды жұмысқа орналастыру үшін жол шығынын қордан өтеу пайдалы болмақ», - деп жазылған хатта. Мұрағатта Тұрар Рысқұловтың телеграммасы да бар.

Материал Ақтөбе облыстық мемлекеттік мұрағаттар мекемесімен бірлесе әзірленді. 

Соңғы жаңалықтар