Әсет Исекешев өзінің орынбасарына дәрі-дәрмекке қатысты ескерту жасады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астана әкімі Әсет Исекешев тегін медициналық дәрі-дәрмектерді жеткізуге қатысты жағдайды бақылауда ұстауды тапсырды. Қала әкімдігінің баспасөз қызметінің атап өтуінше, мұндай тапсырманы елорда әкімі аппараттық кеңесте берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Қалалық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Қамалжан Надыровтың сөзіне қарағанда, бірыңғай дистрибьютер - «СК-Фармация» ЖШС тарапынан дәрі-дәрмектерді жеткізу бойынша кідірістер орын алып, бүгін емханалардың дәріханаларында бірқатар препарат жоқтың қасы.

Кеңес қорытындысы бойынша қала әкімі тегін медициналық дәрілерді жеткізуге қатысты кідірістер негізінен «СК - Фармация» ЖШС -ға байланысты екенін сөз етті. Дегенмен де әкімшілік тарапынан тиісті бақылау жұмыстары мен мониторингтер жүргізілуі керек болатын. Осыған орай, Әсет Исекешев әкімнің орынбасары Ермек Аманшаев пен денсаулық сақтау басқармасының басшысы Қамалжан Надыровқа ескерту жасады. Мұнымен қоса қала басшысы аталған мәселеге қатысты жағдайды үнемі бақылауда ұстауды тапсырды.

Белгілі болғандай, тегін дәрі-дәрмектерді берудің ашықтығын қамтамасыз ету, сондай-ақ, дәрілік препараттармен, медициналық өнімдермен қамту жағдайын үнемі мониторингтен өткізу мақсатында қаланың барлық емханаларында ақпараттық жүйе орнатылып жатыр.

Тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі аясында өткен жылы қала бойынша амбулаторлық деңгейде тегін дәрілік препараттармен 100 мыңнан астам адам қамтылды. Биыл тегін дәрі-дәрмекпен 120 мыңға тарта адам қамтылады деп жоспарлануда.

Сонымен қатар, дәрі-дәрмектердің қолжетімділігін арттыру мақсатында денсаулық сақтау басқармасында дәрілік заттар мен медициналық өнімдерді қала емханаларындағы дәріханаларда тапсыру жөніндегі шешім шығарылған болатын.

Соңғы жаңалықтар