Әсет Исекешев: Астананың экономикалық моделі Сингапур мен Дубайға жақын

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астананың экономикалық моделі Сингапур мен Дубайға жақын. Бұл туралы Астана әкімі Әсет Исекешев қалалық мәслихаттың сессиясында Астана қаласының 2017 жылдың 8 айында атқарылған істер бойынша жасаған әлеуметтік-экономикалық даму қорытындысы туралы баяндамасында мәлімдеді, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі. 

«Біз көп қаланың тәжірибесін зерттедік. Мысалы, Бейжің өнеркәсіпке басымдық берді, көптеген зауыттар салынды. Бірақ, қазір бұл қала экологиялық, су ресурстары мәселелерінен зардап шегуде және өзінің өндірісін басқа жерге ауыстыруға мәжбүр. Сондықтан, біз өзіміздің стратегиямызда тиімді қызмет пен заманауи өндіріске баса назар аударып жатырмыз. Жалпы алғанда, біздің экономикалық моделіміз жаһандық қалалар ретінде Сингапур мен Дубайға жақын. Атап айтқанда, Дубай Таяу Шығыс үшін, ал Сингапур Оңтүстік-Шығыс Азия үшін өз макроөңірлерінің орталығы саналады. ЕХРО-ны өткізуді және барлық инфрақұрылымды - әуежайды, теміржол вокзалын, қонақүйлерді және тағы басқаны есепке алғанда - Астана еуразиялық макроөңірдің жаһандық қаласы, Еуразияның елордасы, конгресстік-көрмелік орталығы бола алады», - деді Әсет Исекешев.

Оның айтуынша, әкімдік 2020 жылы 50 мың сапалы жаңа жұмыс орындарын ашатын және кәсіпкерлікті дамытатын, экономикалық өсімге айтарлықтай ықпал ететін 10 секторды анықтады. Өнеркәсіптік кәсіпорындардағы инженерлер, IT-мамандар, дәрігерлер, мұғалімдер сапалы жұмыс орындары болып саналады. Биыл 18 мың жұмыс орны ашылады.

Соңғы жаңалықтар