Әсет Исекешев Астанадағы әлеуметтік маңызы бар нысандарды аралады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астана әкімі қаладағы әлеуметтік маңызы бар нысандарды аралады. Балабақша, мектеп, тұрғын үйлерге кіретін жолдар ыңғайлы әрі қауіпсіз болуы тиіс, деп мәлімдеді Әсет Исекешев нысандарды аралау барысында.

Бұл туралы елорда әкімдігінің медиа орталығы хабарлайды.

Қала басшысы №73 физика-техникалық мектебіне барды. Мұнда оқу ғимаратының айналасындағы инфрақұрылым мәселесі қордаланып қалған. Мектептің айналасындағы қарқынды жүріп жатқан құрылыстың салдарынан ата-аналар мен оқушылар айналып өтуге мәжбүр болған. Мектептің жанында автобус аялдамасы жоқ, көшені жарықтандыратын шамдар жеткіліксіз, құрылыс аумағы қоршаусыз жататын.

Бұрнағы өткен аппарат жиналысында Ә.Исекешев аудан әкімдері мен тиісті басқармаларға 28 білім ошағындағы жаяу жол жүргіншілері мен жүретін жолдың жеткіліксіздігін шешіп, жолға қойыңдар деп тапсырма берген болатын.

Осыған байланысты қала әкімі жауапты тұлғаларға қатаң сөгіс беріп, аудандағы қалған білім мекемелеріндегі олқылықтарды реттеуге бір апта мерзім берді.

«Мектепке дейінгі жолдар мен кіре берістегі жолдар балалар мен ата-аналар үшін ыңғайлы әрі қауіпсіз болуы керек. Оқушылар мектепке дейін кедергісіз жетуі тиіс. Оны жасау  - қалалық биліктің міндеті. Біз балаларға сапалы білім алу үшін жағдай жасауға міндеттіміз», - деді Ә.Исекешев.

№ 75 мектепте де шешілмей қалған мәселелер бар. Мұнда автотұрақтың жоқтығынан кішігірім жаяу жол жүргіншілерін құру қауіпті болып тұр екен. Мәселенің шешімі табылды. Астана қаласының Автомобиль жолдары басқармасының басшысы Асхат Қарағойшинге автотұрақтың құрылысы мен кіреберіс жолдарды кеңейтуді тез арада шешуді тапсырды.

Әкім бұдан кейін «Сарайшық» тұрғын алабына соқты. Әсет Исекешев «Алматы» ауданының әкіміне мөлтекаудандағы кіреберіс жолдардың құрылысын шешіп, сонымен қатар тұрғын үй алабының аумағын абаттандыруды тапсырды. Аудан әкімі Әділбек Сәрсенбековке көшелер мен аулаларды жарықтандыру міндеттелді. Сондай-ақ, Баянтау, Сарын және М.Жұмабаев көшесінің құрылысын келесі жылға дейін бітіруін тапсырды. Сығанақ көшесінен Түркістан көшесіне дейін жаяу жол жүргіншілері өткелін орнатуға тапсырма берді.

Қазіргі таңда тұрғындар жол жабындысы жоқ деп жиі шағымданған көшелерде құрылыс қарқынды жүріп жатыр. Қалалық әкімдіктің мәліметі бойынша, жыл соңына дейін тұрғын үй алабына апаратын 50 көше салынып бітеді. Мәселен, Ақан сері көшесіндегі құрылыс аяқталды. Қала әкімі құрылыс жұмыстарының сапасын тексеріп, жол жөндеушілер жіберген кемшіліктерді түзеуге нақты тапсырмалар берді.

Соңғы жаңалықтар