Арыстанбек Мұхамедиұлы: Голливуд компанияларының басшыларын Астанада күтеміз

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Жуық арада Астанаға Голливудтың ірі кинокомпанияларының басшылары келуі мүмкін. Әлемдегі әйгілі киноиндустрия өкілдерімен бірлескен жұмыс жоспары туралы ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы Фейсбуктегі парақшасында жазды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Айта кетсек, Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев қазіргі уақытта ресми сапарымен Америка Құрама Штаттарында жүр. Бүгін Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің отырысы өтуде. Елбасының ресми сапары аясында ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы да АҚШ-қа барған.

«Біздің делегация Американың іскер өкілдерімен кездесті. АҚШ киноөндірушілерінің басым көпшілігінің мүддесін қорғайтын Америкалық кинокомпаниялар қауымдастығының (МРАА) вице-президенті Гейл МакКинненмен кездесу соның қатарында. Əлемге əйгілі Голливудтың жылдық бюджеті $30 млрд соманы құраса, оның ширегі АҚШ-тан тыс түсірілімдерге жұмсалады. МакКиннен ханым өз сөзінде америкалық кинокомпаниялар Қазақстанды киноиндустрияға тартымды елдер тізіміне енгенін қалайтынын атап өтті», - деп жазады министр.

Министр Лос-Анжелеске жұмыс сапарымен барып, голливудтық ірі кинокомпаниялар басшыларымен кездескенін еске салып, келіссөздер табысты өткенін баян етті.

«Кейін америкалық кинобосстармен Алматыда кездесу болды. Енді оларды Астанада күтеміз. Гейл МакКенненнің айтуынша, Голливудтың белгілі менеджерлеріне еліміздің географиялық, табиғи, технологиялық, экономикалық мүмкіншіліктері ерекше əсер етіпті. Сонымен қатар, Америкалық кинокомпания қауымдастығының вице- президенті инвестициялық преференцияларды ескеретін, киноиндустрияны дамыту үшін заң түрінде қабылданған инвестициялық алғышарттардың Қазақстан үшін маңызды екенін атап өтті. Оның пікірінше, мұндай алғышарт жасалған жағдайда Голливудтың он шақты компаниясы, əлем киножұлдыздары Қазақстанға тартылады, бұл туризмнің дамуына ықпал етеді», - дейді министр. 

Соңғы жаңалықтар