Аршалы ауданында ҮИИД бағдарламасы бойынша 8 жоба жүзеге асырылуда - Ақмола облысы

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Аршалы ауданында ҮИИД бағдарламасы бойынша 8 жоба жүзеге асырылуда. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде аудан әкімі Азамат Тайжановтың қатысуымен өткен брифингте айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Әкімнің айтуынша, аршалылықтардың әл-ауқатын арттыру бағытында жүзеге асырылып жатқан мемлекеттік бағдарламар мен әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері ауыз толтырып айтарлықтай. Аудан экономикасына ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп, құрылыс сияқты салалардың қосар үлесі зор.

«Ағымдағы жылдың 10 айында ауыл шаруашылығы саласында 15 миллиард теңгеден астам өнімнің өндірілуі көп нәрсені аңғартады. Ауданда жыл өткен сайын мал басы мен құс саны артып келеді. Жыл басынан бері аудан бойынша барлығы 3 ауыл шаруашылығы кооперативі құрылды. Осының арқасында аудан бойынша жыл басынан бері барлығы 3,2 мың тонна ет және 16 мың тоннадан астам сүт өндірілді. Оған қоса, ауданда «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» акционерлік қоғамының көмегімен «Береке», «Игілік» және «Бірлік» бағдарламалары бойынша 5 жоба жүзеге асырылуда», - деді аудан әкімі өз сөзінде.

Әсіресе, биылғы жыл аудан диқандары үшін табысты болды. Агротехникалалық шаралар мен озық технологияны тиімді қолданған аудан диқандары қоңыр күзде барлығы 143,6 мың тонна астық жинап алды. Бұл соңғы жылдары қол жеткізіліп отырған жоғары көрсеткіш. Мұндағы гектар түсімі орташа 8,5 центнерден айналды. Оған қоса, ауданда өнеркәсіп саласы біршама жақсы дамуда.

«Өнеркәсіп саласында шағын бизнес өкілдерінің алатын үлес салмағы қомақты болып отыр. Осы арада айта кетерлік бір жайт, «Жұмыспен қамтудың жол картасы - 2020» бағдарламасы шеңберінде жеңілдетілген шарттармен несие алып, өз кәсібін ашқысы келетіндерге барлық мүмкіндік бар. Мәселен, бір ғана «үдемелі индустриялды инновациялық даму» бағдарламасы бойынша «LR-KZ», «ДС-Гранит», «Еңбек-1», «Аршалы кірпіш зауыты», Қазшпал», «Джамилия», «ҚазАрт» және «Комсервис» ЖШС 8 жоба жүзеге асырылуда», - деді аудан әкімі.

Қазіргі таңда баспана мәселесі қалада да, ауылда да өткір болып отырғаны белгілі. Осы орайда, ауданда үй құрылысы саласын дамытуға жеткілікті көңіл бөлініп келеді. Биылғы жылдың қаңтар-қазан айларының аралығында 5 миллионға жуық теңгенің құрылыс жұмыстары атқарылған. Жыл басынан бері жалпы ауқымы 2,7 мың шаршы метр тұрғын үй салынып, пайдалануға берілді.

Сонымен қатар, ауданда денсаулық сақтау, білім және мәдениет нысандарын салу, ұстау жұмыстарына да жеткілікті дәрежеде көңіл бөлініп келеді.

Соңғы жаңалықтар