Арқалықта мәслихаттың бас есепшісіне қатысты сот үкімі шықты
51 жастағы Лейла Баракова қызметте жүріп, 2011-2017 жылдар аралығында өзінің банктегі шотына 1 274 663 теңге заңсыз қаражат аударған. Оған қоса несиесін өтеу үшін шағын несие ұйымының шотына 125 мың теңге жіберген. Мемлекеттік мекемеге келтірген залал көлемі - шамамен 1,4 млн теңге.
Лейла Баракованың күйеуі, үш баласы бар. Қылмыскердің айтуынша қаражатты баласының оқуы үшін және материалдық жағдайы қиындап кеткесін аударып отырған.
Сот экс-бухгалтерді бес жыл мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жазаға тартты. Оның барлық мүлкі тәркіленіп, өмір бойы мемлекеттік лауазымды қызмет атқару құқығынан шеттетілді. Ол жазасын қылмыстық-атқару жүйесінің қауіпсіздігі орташа түзету мекемесінде өтейді.
Л. Баракова сот залында қамауға алынды.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.