Арқалық тұрғыны үй кезегінен заңсыз шығарылған

None
None
ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат - Арқалық қаласы әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімі қала тұрғынын үй кезегінен заңсыз алып тастаған. Бұл туралы облыстық сотта өткен жиында мәлім етілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Азаматша Т. 2012 жылдың тамызында тұрғын үйге мұқтаж азаматтар тізіміне тіркелген. Сол жылы ол сағат санының аздығына байланысты Арқалық медициналық колледжінен жұмыстан шығып, Ы.Алтынсарин атындағы Арқалық мемлекеттік педагогикалық институтына жұмысқа орналасқан. Сондай-ақ, арызданушы - үшінші топтағы мүгедек.

«Талапкер Т. 2016 жылдың сәуірінде жұмыс орнын ауыстырғаны жөнінде анықтама тапсырмауына байланысты тұрғын үйге мұқтаж азаматтар тізімінен алынып тасталған. Осыған орай, шағым иесі мемлекеттік мекеменің тұрғын үйге мұқтаж азаматтар тізімінен өзін алып тастау әрекетін заңсыз деп санады», - делінді облыстық сотта.

Істі қарау нәтижесі бойынша, сот азаматша Т-ны тұрғын үйге мұқтаж азаматтар тізімінен шығарылуын заңсыз деп танып, талапкердің арызы қанағаттандырылды.

Шешім заңды күшіне енген жоқ.

Соңғы жаңалықтар