Архимед Мұхамбетов сенаторларға өңірдің жетістіктері мен проблемаларын баяндады

None
None
ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат - Қостанай облысына жұмыс сапарымен келген ҚР Парламенті Сенатының депутаттары өңірдегі өндіріс ошақтарын аралап, еңбеккерлермен кездесуді жоспарлауда, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Сапарымыздың мақсаты - инвестициялар мен субсидия мәселелерін талқылау. Екі күн бойы аймақтық көшпелі отырысқа қатысамыз. Осы аралықта шаруалармен жүздесіп, ұсыныс-пікірлерін тыңдаймыз», - деді Сенат депутаты Жеңіс Нұрғалиев.

Халық қалаулылары облыс әкімі Архимед Мұхамбетовпен кездесіп, аймақтың тыныс-тіршілігі жайлы әңгімелесті. Архимед Мұхамбетов сенаторларға астықты аймақтың бірқатар мәселесін баян етті.

«Биылғы жыл біз үшін жемісті болды. Сіздерді аймақтағы ірі кәсіпорындарды аралауға шақырамын. Оның ішінде «Соколов-Сарыбай» кен өндіру бірлестігі мен «СарыАрқаАвтопром» және «АгромашХолдинг» акционерлік холдингінің бүгінгі тіршілігімен таныс болыңыздар. Ауыл шаруашылығы саласында «Милх» сүт өнімдерін шығаратын зауыты мен «Қарасу-Ет» цехі жемісті жұмыс істеп отыр. Одан бөлек, егістіктің 98 пайызы орылды. 5 млн тоннаға жуық астық алдық», - деді облыс әкімі.

Сонымен қатар, Архимед Бегежанұлы жуырда Қытайда өткен форумға қатысып, екі ел арасындағы экономикалық байланыстың артып келе жатқанын айтты. 

«Қытайда өткен форумға қатыстық. Нәтижесінде, облысымызға бірнеше инвесторды тарттық. Енді біздің облыста май өңдейтін зауыт ашылмақ. Оның құны 100 млн еуроға бағаланып отыр. Өңірде проблемалар да жоқ емес. Торғай жақтағы ауызсу мәселесі де күн тәртібінде тұр. Жергілікті тұрғындар үшін тариф құнының қымбаттауы да алаңдатарлық жағдай. Өткен жылы 26 млн теңге бөлінген, енді биыл сол мәселені тағы қайта қолға алу керек», - деді аймақ басшысы.

Сенат депутаттары ертең «Қарасу-Ет», «Милх», «ҚазНИИСХ» сияқты бірқатар кәсіпорынды аралайды. Сондай-ақ, А.Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университетіне барады. Қорытынды жиын облыс әкімдігінде өтеді.

 

Соңғы жаңалықтар