Архимед Мұхамбетов сәби өліміне байланысты 4 бас дәрігерді жазалады

None
None
ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат - Қостанай облысында қалалық және орталық аудандық ауруханалардың төрт бірдей бас дәрігеріне қатаң сөгіс жарияланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Арқалық, Таран және Әулиекөл аудандарында сәбилер өлімінің көбейгені осындай шешімге себеп болған. Облыс әкімі Архимед Мұхамбетовтің айтуынша, аталған өңірлердегі жағдайдың нашар болып отырғаны биыл ғана емес.

«Егер бірінші жартыжылдықтың қорытындылары бойынша жағдай оңалмаса - босатамыз. Өйткені сіздердегі көрсеткіш тіптен нашар, биыл ғана аутсайдерлер қатарында қалып жүрген жоқсыздар», - деді А. Мұхамбетов.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының кеңейтілген алқасында Еркін Дәуітбаев бүгінгі таңда өңірдегі медицина ұйымдарында медициналық ақпарат жүйесі белсенді түрде енгізіліп жатқанын айтты.

«Қазірдің өзінде стационарлар мен амбулаторлық-емхана қызметтерінің арасында ауруханаға жатқызу және шығару, мобильдік қосымшаны пайдалану, тұрғындарды тіркеу, электрондық төлқұжаттар секілді басты бағыттар бойынша ақпарат жүйесін белсенді түрде енгізіп жатқан медицина ұйымдарын атап көрсетуге болады. Олар: Қостанайдың №3, 4 емханалары, Рудный, Арқалық, Қостанай перинаталдық орталықтары, облыстық аурухана, облыстық балалар ауруханасы, офтальмологиялық аурухана, Арқалықтағы перзентхана. Өкінішке қарай, Жітіқара, Қарасу, Қарабалық орталық аудандық ауруханалары көш соңында келеді», - деді Е. Дәуітбаев.

Өңір басшысы жоғарыда аталған аудандардағы медицина мекемелерін цифрландыру жұмыстарын бақылауға алды. Олардың басшылары шілде айында жағдайды оңалтуға уәде берді.

Соңғы жаңалықтар